Қарашығанақ кен орнында салынуы жоспарланған жаңа газ өңдеу зауытының жобасы тағы да қымбаттап, іске қосылу мерзімі 2030 жылға шегерілді. Қуаты жылына 5 миллиард текше метрді құрайтын өндіріс орнының құрылыс алаңы өзгеріп, қосымша инфрақұрылым салу қажеттілігі туындағандықтан, жобаның жалпы құны бастапқы 5 миллиардтан 8 миллиард долларға жуықтауы мүмкін, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Құрылыс алаңы 5 шақырымға оңтүстікке жылжыды
Халықаралық «Upstream» салалық басылымының хабарлауынша, зауыттың жобасына кезекті рет өзгеріс енгізіліп, құрылыс алаңы Қарашығанақ кенішінен оңтүстікке қарай шамамен 5 шақырым қашықтыққа ауыстырылған.
Орналасқан жердің ауысуы жобаның сметалық құнын едәуір өсіріп отыр. Ендігі кезекте жаңа өндіріс үшін мынадай қосымша нысандар салу қажет:
- Кеніштен зауытқа дейінгі жеке газ құбырын тарту;
- Жаңа компрессорлық және көлемді өлшеу станцияларын орнату;
- Қарашығанақ консорциумының (КПО) қолданыстағы өндірістік инфрақұрылымын жаңғырту.
Бастапқыда зауыт құрылысы шамамен 5 миллиард долларға бағаланған еді. Алайда жаңа инфрақұрылымдық шығындар, жаһандық инфляция және келешекте кәсіпорынды жылына 10 миллиард текше метрге дейін шикі газ қабылдауға бейімдеу жоспарлары жобаның жалпы құнын 8 миллиард долларға жеткізуі ықтимал.
Басқарушылардың ауысуы және жаңа мерзім
Маңызды энергетикалық жобаның қолдан қолға өтуі де жұмыстың созылуына әсер етті. Бастапқыда құрылысқа шетелдік акционерлерден тұратын КПО жауапты болса, кейін ол «ҚазМұнайГазға», ал 2026 жылдың сәуірінде ұлттық «QazaqGaz» компаниясының қарамағына өтті.
Қазір жобаны техникалық-экономикалық негіздеу мен базалық жобалау (FEED) жұмыстарын Оңтүстік Кореяның «Hyundai Engineering» компаниясы жүргізіп жатыр, ал EPC-келісімшарты (жобалау, сатып алу және құрылыс) италиялық «Sicim» компаниясына берілген. Зауыттың нақты әрі түпкілікті құны 2027 жылдың наурызында базалық жобалау толық аяқталған кезде ғана бекітіледі. Ал зауытты пайдалануға беру мерзімі 2030 жылға шегерілді.
QazaqGaz мойнындағы қос қаржылық ауыртпалық
Мұндай өзгерістер ұлттық оператор үшін ауыр қаржылық салмаққа айналып отыр. «QazaqGaz» Қарашығанақтағы 8 миллиардтық алып жобадан бөлек, қатар жүріп жатқан Қашағандағы қуаты 2,5 миллиард текше метр болатын газ өңдеу зауытына да шамамен 3 миллиард доллар қаржы табуға міндетті.
Қос бірдей стратегиялық зауытқа жалпы көлемі 11 миллиард доллардан астам қаражат жұмылдыру қажет. Қазір ұлттық компания сыртқы несие желілерін тарту, халықаралық жобалық қаржыландыру тетіктерін пайдалану және өз ресурстарын жұмсау нұсқаларын қарастырып жатыр.
Ел ішіндегі тауарлық газ тапшылығы жыл санап артып келе жатқан кезеңде Қарашығанақ зауытының 2030 жылға дейін кешігуі отандық энергетика қауіпсіздігі үшін де үлкен сынақ болайын деп тұр. Ішкі нарықты арзан отынмен қамтамасыз етіп, өнеркәсіпті шикізатпен байыту жоспары тағы да кемінде бес жылға созылмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







