Шри-Ланканың бұрынғы бірінші ханымы Ширанти Раджапакса қайырымдылық қаражатын талан-таражға салды және жемқорлықпен айналысты деген күдікпен бір аптаға қамауға алынды. Құқық қорғау органдары оны мемлекеттік ауруханаға медициналық жабдық сатып алу үшін бөлінген қомақты қаражатты мақсатсыз пайдаланды деп айыптап отыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ауруханаға бөлінген қаржы және банктің қатысы
«Euronews» таратқан мәліметке сәйкес, полиция қызметкерлері экс-президенттің жұбайынан алдымен өз үйінде жауап алып, артынша сот ғимаратына жеткізген. Сот тергеу әрекеттерін жүргізу мақсатында оны бір апта мерзімге қамауда ұстау туралы шешім қабылдады.
Іс материалдары бойынша, мемлекеттік банк Ширанти Раджапаксаның қайырымдылық қорының есепшотына жергілікті емханаға заманауи медициналық сканер алу үшін арнайы демеушілік қаражат аударған. Алайда бөлінген ақша белгіленген мақсатқа жұмсалмай, заңсыз бағытта игерілгені анықталды.
Осы іс аясында мемлекеттік банктің бұрынғы басшысы да ұсталған еді. Оған қор есебіне қаржы аудару кезінде ресми рәсімдерді өрескел бұзды деген айып тағылып, кейінірек кепілмен босатылды.
Билік құрған әулеттің қамауға алынған мүшелері
Ширанти Раджапакса – елді ұзақ жылдар басқарған экс-президент Махинда Раджапаксаның жұбайы. Махинда өзінің інісі Готабая Раджапаксамен бірге 2009 жылы 26 жылға созылған «Тамил-Иламды азат ету жолбарыстары» сепаратистік ұйымына қарсы азаматтық соғысты жеңіспен аяқтаған болатын. Сол кезде зор танымалдыққа ие болған ағайындылар мемлекеттің барлық негізгі тетіктерін туыстарының бақылауына берді.
Қазіргі уақытта отбасының өзге мүшелері де тергеу қамытын киіп отыр. Атап айтқанда, экс-президенттің ұлы, парламент депутаты Намал Раджапакса да ірі көлемде пара алды деген айыппен тергеу изоляторына қамалған.
Жаңа биліктің уәдесі және әулет билігінің аяқталуы
Махинда Раджапакса 2010 жылы екінші мерзімге қайта сайланғанымен, елдегі жемқорлықтың шектен шығуы мен азаматтық бостандықтардың шектелуі оның беделін түсірді. Салдарынан ол 2015 жылғы сайлауда үшінші мәрте билікке келе алмады. Кейінірек, 2019 жылы оның інісі Готабая Раджапакса президенттікке келгенімен, пандемия мен қате экономикалық реформалар салдарынан ел тарихындағы ең ауыр дағдарысқа ұшырады. 2022 жылы басталған жаппай халықтық көтерілістен соң Готабая қызметінен бас тартып, шетелге қашуға мәжбүр болған еді.
Шри-Ланкада 2024 жылғы президенттік сайлауда жеңіске жеткен жаңа мемлекет басшысы Анура Кумара Диссанаяке жемқорлықпен ымырасыз күрес жүргізуге уәде берген болатын.
Ол сайлау науқаны кезінде елді дағдарысқа ұшыратып, қазынаны талан-таражға салған Раджапакса отбасы мен олардың маңайындағы шенеуніктерді заң алдында жауапқа тартатынын мәлімдеген болатын. Экс-бірінші ханым мен оның ұлының қамалуы аралдық мемлекетте байырғы саяси кланның биліктен толықтай ығыстырылып, жауапқа тартыла бастағанын аңғартады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






