Премьер-министр Олжас Бектенов Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жол сапасына қатысты берген тапсырмаларының орындалу барысын тексеріп, жергілікті әкімдіктер мен салалық министрлікке шұғыл міндеттер жүктеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Үкімет жетекшісі Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен өңір басшыларына жұмысты күшейтуді шегелеп тапсырды. Оның айтуынша, орталықтан қажетті қаражат толық бөлініп отыр, бірақ соған қарамастан шағымның басым бөлігі дәл осы ішкі жолдарға қатысты түседі.
«Президент өңірлердегі инфрақұрылымды жаңғырту және әсіресе жол сапасы мәселесін бірнеше рет көтерді. Орталықтан қажетті қаражат бөлінуде. Жергілікті жерлерде мақсатты жұмсалуын бақылауды күшейту керек. Ел ішіндегі және халықаралық маңызы бар жолдар барлық сапа стандарттарына сай болуы тиіс. Әкімдік өз аумағындағы жұмыстарды бақылауға алуы қажет. Азаматтардың шағымының көбі ішкі жолдарға қатысты. Қатаң бақылауға алыңыздар», – деді Олжас Бектенов.
Сан бар да, сапа қайда?
Ресми дерекке сүйенсек, биыл еліміз бойынша 11 мың шақырымнан астам жолды салу, реконструкциялау және жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Ал соңғы 7 жылда 36,3 мың шақырым автожол ретке келтірілген. Бірақ сан бар да, сапа қайда?
Айта кетелік, бұған дейін Мемлекет басшысы жол сапасын Қазақстанның басты «ахиллес өкшесі» деп атап, мәселені жылдар бойы шеше алмауды «масқара және саботаж» ретінде бағалаған болатын. Қатаң заң шаралары қолданылатыны да нақты ескертілген.
Шенеуніктерге берілген соңғы ескерту
Біздіңше, Бектеновтің сөзі президенттік сыннан кейінгі формалды есеп беру емес, жергілікті әкімдер мен мердігерлерге берілген соңғы «қоңырау». Енді миллиардтар төгілген жолдар алғашқы көктемде-ақ еріп кетсе, шенеуніктерге құр сөгіспен құтылып кету оңайға соқпайтын түрі бар.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






