Ресейде «Яндекс» корпорациясының үш ірі дата-орталығына дрон шабуылы жасалып, істен шыққан соң, Қазақстандағы Yandex Go такси сервисі жаппай бұғатталып, жұмысын тоқтатты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қосымшаға кірген қолданушыларға «бос көлік жоқ» деген хабарлама шығып, қызмет ұзақ уақыт бойы қолжетімсіз болып тұр. Бір қарағанда, соғысып жатқан көрші елдегі оқиға біздің қатысымыз не? Бірақ мәселенің түп-төркіні әлдеқайда тереңде жатыр.
Қазақстандағы дата-орталықтар мен ресми уәделер
Біздің заңнама бойынша, «Яндекс-Қазақстан» серверлерін ел ішінде ұстауға міндетті. 2023 жылдың желтоқсанында сол кездегі Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин «Яндекс» серверлерін Қазақстанға толық көшіргенін және енді тек осы қуаттармен жұмыс істейтінін мәлімдеген. Сол кезде: «Министрлік азаматтарымыздың қауіпсіздігіне баса назар аударады», — деп мақтана есеп берген еді Мусин.
Тіпті 2024 жылдың сәуірінде компания өз бұлтты қызметтерін Қарағандыдағы дата-орталыққа орналастырғанын сүйіншілеп, «тұтынушыларға жақындай түстік» деп ақпар таратқан.
Сонда қалай?
Ресейдегі орталық өртенгенде, Қарағандыдағы серверлер қайда қарап қалды? Оқиға «Яндекс-Қазақстанның» Мәскеусіз дербес жұмыс істей алмайтынын анық көрсетіп отыр.
Осы уақытқа дейін айтылған «деректер көшірілді, қауіпсіздік қамтамасыз етілді» деген уәделер қып-қызыл өтірік болған ба деген заңды сұрақ туындайды. Біздің цифрлық тәуелсіздік әлі күнге көршінің розеткасына тығулы тұр екен.
Компанияның ресми жауабы
UPD: Айтқандай, компанияның өзінен жауап келді.
«Яндекс сияқты технологиялық сервистер бірнеше елде орналасқан инфрақұрылымды пайдаланады. Сондықтан бір елдегі жүйеде ақау шықса, бұл басқа елдегі сервистердің жекелеген функциясына әсер етуі мүмкін. Қазақстандықтардың дербес дерегін Yandex Qazaqstan заңға сәйкес Қазақстан аумағында сақтайды және олардың тиісті деңгейде қорғалуы қамтамасыз етіледі», – деп хабарлады компания өкілдері.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







