Қазақстан жаңа тарихи кезеңде егемендікті нығайту, экономикалық тұрақтылықты сақтау және халықаралық аренадағы дербес ұстанымын бекіту бағытында стратегиялық міндеттерді жүзеге асыруда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында осы басымдықтармен қатар, өңірлерді дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту, цифрлық экономиканы қалыптастыру және елдің ресурстық әлеуетін тиімді пайдалану мәселелері қамтылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Аталған бастамалар Қазақстанның ішкі мүмкіндіктерін арттырып қана қоймай, жаһандық экономикалық үдерістерге бейімделуіне және халықаралық әріптестігін кеңейтуіне жол ашады. Әсіресе көлік-транзиттік инфрақұрылымды дамыту, жасанды интеллектіні енгізу, стратегиялық маңызы бар металдарды игеру және отандық өндірісті қолдау елдің ұзақ мерзімді даму бағдарындағы маңызды бағыттар саналады.
Осы орайда Қоғамдық саясатты дамыту институты Деректер және цифрлық шешімдермен жұмыс жөніндегі орталығының директоры Әлия Қанатова Жолдауда белгіленген стратегиялық басымдықтардың маңызына тоқталып, «Халықтық құрылыс» бастамасының қоғамдық-экономикалық әсері, Қазақстанның транзиттік әлеуеті, технологиялық дербестігі және халықаралық экономикалық байланыстарды нығайту мүмкіндіктері жөнінде пікір білдірді.
Егемендік пен дербес ұстанымның негізі
— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі стратегиялық міндеттерін айқындап, егемендікті нығайту мен ішкі тұрақтылықты сақтауға ерекше мән берді. Қазіргі күрделі геосаяси жағдайда Мемлекет басшысы белгілеген бұл басымдықтардың Қазақстанның халықаралық аренадағы дербес ұстанымын нығайтудағы маңызы қандай?
— Жолдауды жай ғана жылдық есеп емес, тарихи кезеңнің басында айқындалған стратегиялық бағдар ретінде қарастыруға болады. Тәуелсіздікке 35 жыл толған тұста, жаңа Конституция күшіне енген және халықаралық аренада ірі державалар арасындағы қайшылықтар күшейген жағдайда Қазақстан үшін ішкі тұрақтылық пен егемендікті нығайту мәселелері ерекше маңызға ие, – деді Әлия Қанатова.
Жолдауда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздікті нығайту және Егемендікті қорғау мәселелеріне баса назар аударды. Бұл бағыттар бір реттік шешімдермен шектелмей, жүйелі әрі тұрақты жұмысты талап етеді.
Егемендікті екі негізгі көрсеткіш арқылы бағалауға болады: мемлекеттің шешім қабылдау еркіндігі және сыртқы экономикалық өзгерістерге төтеп беру қабілеті. Соңғысы экономиканың көлеміне, Ұлттық қордың мүмкіндіктеріне және мемлекеттік институттардың сапасына тікелей байланысты. Мәселен, Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша, 2026 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі шамамен 400 млрд долларға жетеді. Мұндай экономикалық әлеует пен қаржылық тұрақтылық сыртқы нарықтардағы өзгерістер жағдайында да мемлекеттің даму бағдарламаларын жалғастыруына мүмкіндік береді.
Бұл ретте көпвекторлы сыртқы саясаттың маңызы арта түседі. Оны инвестициялық портфельді әртараптандыру қағидатымен түсіндіруге болады. Бір ғана серіктеске, нарыққа немесе көлік бағытына тәуелді болу экономикалық тәуекелдерді арттырады. Сондықтан Қазақстан сауда мен транзит, энергетика және технологиялық әріптестік бағыттарында байланыстар географиясын кеңейтуге мүдделі.
Мәселен, Қытайдан Еуропаға бағытталған жүк тасымалында Қазақстанның транзиттік әлеуеті маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар Транскаспий дәлізі мен Арал–Каспий магистралі секілді балама бағыттарды дамыту көлік-логистикалық мүмкіндіктерді кеңейтеді. Энергетика саласында экспорт бағыттары мен сатып алушылар географиясын әртараптандыру, ал технологиялық бағытта бірнеше елмен серіктестік орнату маңызды.
Дегенмен көпвекторлы саясаттың нәтижелі болуы ең алдымен елдің ішкі әлеуетіне байланысты. Өз өнімімізге, инфрақұрылымымызға және білікті кадрларымызға сүйенген жағдайда ғана халықаралық серіктестермен тең дәрежеде келіссөз жүргізуге мүмкіндік туады. Осы тұрғыдан алғанда, егемендікті нығайту мен ішкі тұрақтылықты сақтау Қазақстанның халықаралық аренадағы дербес ұстанымын қалыптастырудың өзара сабақтас бағыттары.
«Халықтық құрылыс» және экономикалық серпін
— Мемлекет басшысы 2027 жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялауды ұсынып, «Халықтық құрылыс» бастамасын көтерді. Бұл бастаманың саяси және қоғамдық маңызы қандай? Ауқымды инфрақұрылымдық жобалар ел өңірлерінің дамуына серпін беріп қана қоймай, қоғамды ортақ мақсат төңірегіне топтастыруға қалай ықпал етеді?
— Президенттің 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялау жөніндегі ұсынысы әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, өңірлердің әлеуетін арттыру және отандық өндірісті қолдау міндеттерін бір арнаға тоғыстырады. Бұл бастаманың экономикалық және қоғамдық маңызын бірнеше бағыт бойынша қарастыруға болады.
Ең алдымен, бағдарламаның қаржылық ауқымына назар аударған жөн. 2029 жылға дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бөлу көзделген. Оның 1,5 трлн теңгесі 2026 жылы және 2027 жылдың алғашқы екі айында жұмсалады. Алғашқы кезеңде денсаулық сақтау саласындағы шамамен 70 нысан, оның ішінде перинаталдық орталықтар мен балалар ауруханалары, сондай-ақ білім, спорт және мәдениет салаларындағы 50-ге жуық нысан салу жоспарланған.
Бағдарламаның маңызды ерекшелігі – Ұлттық қордан бөлінген қаражатты импорттық өнімдерге жұмсауға шектеу қойылуы. Бұл талап отандық құрылыс индустриясына қосымша сұраныс қалыптастыруға мүмкіндік береді. Құрылыс материалдары, металл конструкциялары, инженерлік жабдықтар мен жұмыс күшіне деген қажеттілік артып, ішкі өндіріс пен еңбек нарығына оң әсерін тигізеді. Яғни инфрақұрылымдық жобалар әлеуметтік міндеттерді шешумен қатар, экономикалық белсенділікті де арттыруға бағытталған.
Бұған қоса, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеру жоспарланып отыр. Бұл шамамен 1,8 млн адамға әсер етеді.
Бастаманың қоғамдық маңызы да ерекше. Өйткені құрылыс жұмыстары ірі қалалармен шектелмей, облыс орталықтарын, аудандар мен елді мекендерді де қамтиды. Адамдар өз өңірінде жаңа емхананың, мектептің немесе спорт кешенінің ашылғанын көргенде, бұл өзгерістердің күнделікті өміріне тікелей әсерін сезінеді.
Меніңше, осындай жобалардың қоғамды ортақ мақсат төңірегіне топтастырудағы рөлі де осында. Өңір тұрғындары үшін маңызды нысандардың салынуы ортақ іске қатыстылық сезімін қалыптастырады. Ал құрылыс сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталса, қоғамдық сенім де нығая түседі. Сондықтан бағдарламаның нәтижесі бөлінген қаражат көлемімен ғана емес, халық игілігіне берілген нысандардың сапасы мен қолжетімділігі арқылы бағалануы керек.
Еуразияның көлік-транзиттік әлеуеті
— Президент Қазақстанды Еуразияның негізгі көлік-транзиттік хабына айналдыру міндетін қойды. Осы мақсатта жаңа әуежайлар салу, теміржол желілерін дамыту және халықаралық көлік бағыттарын цифрландыру көзделген. Бұл бастамалар Қазақстанның Орталық Азиядағы стратегиялық рөлін күшейтіп, халықаралық қатынастардағы маңызын арттыруға қандай мүмкіндіктер береді?
— Қазақстанның басты стратегиялық артықшылықтарының бірі – географиялық орналасуы. Еуропа мен Азияны байланыстыратын маңызды бағыттардың тоғысында орналасқан еліміз үшін осы әлеуетті нақты инфрақұрылымдық жобалар арқылы дамыту аса маңызды. Президент Жолдауда теміржолдар мен автомобиль жолдарын жаңғырту, әуежайлардың мүмкіндіктерін кеңейту және көлік саласын цифрландыру міндеттерін айқындады.
Бұл бағыттағы жобалардың қатарында «Бақты – Аягөз» теміржол желісі бар. 2027 жылы іске қосу жоспарланған жоба Қытай бағытындағы өткізу қабілетін жылына 20 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Арал–Каспий магистралінің құрылысы Транскаспий бағытының ұзындығын шамамен 1000 шақырымға қысқартып, жүк жеткізу уақытын үш күнге дейін азайтуға бағытталған. Автомобиль өткізу пункттерін 2027 жылы толық жаңғырту да транзиттік мүмкіндіктерді кеңейтетін маңызды қадам болмақ.
Әуе қатынасын дамыту да осы міндеттердің бір бөлігі. Арқалық әуежайы қалпына келтірілді, ал Зайсан, Катонқарағай және Кендірлі әуежайларын жақын уақытта іске қосу көзделген. Астанада жаңа әуежай құрылысы 2027 жылы басталмақ.
Алайда көлік-транзиттік хабтың тиімділігі тек жолдардың ұзындығы мен өткізу қабілетіне байланысты емес. Шекарадағы күту уақыты, құжаттарды рәсімдеу жылдамдығы және логистикалық процестердің ашықтығы да маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, көлік саласында, соның ішінде халықаралық жүк тасымалында толық электрондық құжат айналымына көшу инфрақұрылымды дамытумен қатар жүруі қажет. Бұл тасымал уақытын қысқартып, логистикалық операциялардың тиімділігін арттырады.
Тағы бір маңызды мәселе – транзиттен түсетін қосылған құнның ел экономикасында қалуы. Қазіргі уақытта автомобиль транзитінің жартысынан астамын шетелдік тасымалдаушылар жүзеге асырады. Сондықтан отандық тасымалдаушылардың үлесін арттыру және логистикалық қызметтер нарығын дамыту маңызды.
Аталған жобалар Қазақстанның Еуразия кеңістігіндегі көлік-логистикалық байланыстарын кеңейтіп, Орталық Азиядағы стратегиялық рөлін нығайтуға мүмкіндік береді. Балама бағыттардың қалыптасуы халықаралық саудадағы Қазақстанның маңызын арттырып, елді өңірлік және жаһандық логистикалық жүйенің маңызды буынына айналдыруға негіз болады.
Цифрлық дербестік пен деректер орталықтары
— Жолдауда цифрлық экономиканы қалыптастыру мен жасанды интеллектіні дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттары ретінде белгіленді. Президенттің Digital Qazaqstan стратегиясына басымдық беруі Қазақстанның технологиялық дербестігін нығайтуға және жаһандық бәсекеге қабілетті мемлекет ретінде қалыптасуына қалай әсер етеді?
— Жолдаудың мазмұнында жасанды интеллект пен цифрландыру мәселелеріне ерекше орын берілген. Қазіргі жағдайда мемлекеттің технологиялық дербестігі үш негізгі құрамдас бөліктен тұрады: есептеу инфрақұрылымы, деректер қоры және білікті мамандар. Осы бағыттардың барлығы өзара сабақтас дамуы қажет.
Бірінші кезекте, есептеу инфрақұрылымын қалыптастыру маңызды. Қазіргі уақытта Қазақстанда екі суперкомпьютер жұмыс істейді, ал үшіншісін 2026 жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылып, деректер орталықтарын салу жұмыстары жүргізілуде.
Бұл ретте Павлодар облысындағы Екібастұз қаласында қолға алынған «Деректер орталықтарының алқабы» жобасының стратегиялық маңызы зор. 2026 жылдың қаңтарында басталған жоба 1 ГВт-қа дейінгі қуатқа есептелген. Оның аясында 1400 гектар жер телімі дайындалған. Инфрақұрылым Tier III халықаралық стандартына және PUE 1,25 энергия тиімділігі көрсеткішіне сай болмақ. Алғашқы 50 МВт қуатқа арналған нысанды 2027 жылдың маусымында іске қосу жоспарланып отыр.
«Жасанды интеллект жүйелерінің жұмыс істеуі үшін ауқымды есептеу қуаты қажет, ал деректер орталықтары тұрақты электр энергиясын тұтынатын нысандар санатына жатады. Сондықтан Екібастұздың энергетикалық әлеуетін жоғары технологиялық қызметтерді дамытуға пайдалану көмір мен энергетикалық ресурстарды қосылған құны жоғары бағыттарға жұмылдыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті сарапшы.
Технологиялық дербестіктің келесі маңызды бөлігі – кадр әлеуеті. Заманауи инфрақұрылым болғанымен, оны басқаратын және дамытатын мамандар жеткілікті болмаса, күтілген нәтиже толық жүзеге аспайды. Осыған байланысты жергілікті колледждер мен жоғары оқу орындарында деректер орталықтарын пайдалану, инженерлік жүйелерді басқару және цифрлық технологиялар бойынша мамандар даярлауға басымдық берген жөн. Сонымен қатар халықаралық серіктестермен жұмыс барысында технология трансфері мен отандық кадрларды даярлау мәселелерін қатар қарастыру маңызды.
Цифрландырудың нәтижесін де нақты көрсеткіштер арқылы бағалау қажет. Мәселен, мемлекеттік және қоғамдық қызметтерді цифрлық форматқа көшірумен қатар, процестердің ұзақтығы мен кезеңдерін қысқарту, адам факторын азайту және қызмет көрсету сапасын арттыру негізгі өлшемдер болуы тиіс.
Осы тұрғыдан алғанда, Digital Qazaqstan стратегиясы технологиялық инфрақұрылымды, адами капиталды және цифрлық қызметтерді біртұтас жүйе ретінде дамытуға мүмкіндік береді. Бұл Қазақстанның технологиялық әлеуетін арттырып қана қоймай, халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға да негіз болады.
Стратегиялық металдар және жаңа әріптестіктер
— Мемлекет басшысы стратегиялық маңызы бар металдардың қорын тиімді басқарудың ұлттық жүйесін құруды тапсырды. Қазіргі әлемдік экономикада сирек және маңызды металдарға сұраныс артып отырғанын ескерсек, бұл бастама Қазақстанның халықаралық экономикалық байланыстардағы орнын нығайтуға және жаңа стратегиялық әріптестіктер қалыптастыруға қалай ықпал етеді?
— Қазіргі әлемдік экономикада сирек және стратегиялық маңызы бар металдардың рөлі артып келеді. Олар электромобильдер, микрочиптер және басқа да жоғары технологиялық өнімдер өндірісінде кеңінен қолданылады. Ірі мемлекеттер өздерінің жеткізу тізбектерін әртараптандыруға ұмтылып отырған жағдайда Қазақстан үшін бұл салада жаңа мүмкіндіктер қалыптасуда.
Жолдауда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев стратегиялық маңызы бар металдардың қорын басқарудың ұлттық жүйесін құру, оффтейк-келісімшарттар тетігін енгізу, түсті және сирек металдар қорын қалыптастыру, сондай-ақ геологиялық деректерді ашу мен жеке капиталды тарту міндеттерін белгіледі.
Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – геологиялық барлау жұмыстарын қаржыландыру. Мемлекет 2026–2028 жылдары бұл мақсатқа шамамен 240 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр. Бұл алдыңғы екі онжылдықта жұмсалған қаражат көлемімен шамалас.
Аталған шаралар Қазақстанның халықаралық экономикалық байланыстардағы орнын нығайтуға бірнеше мүмкіндік береді. Біріншіден, стратегиялық металдардың қорын жүйелі басқару еліміздің ресурстық әлеуетін нақты бағалауға және оны тиімді пайдалануға жағдай жасайды. Екіншіден, оффтейк-келісімшарттар арқылы инвесторлар мен сатып алушыларға ұзақ мерзімді жеткізу міндеттемелерін ұсынуға болады. Бұл жаңа өндірістік жобаларды іске асыруға қажетті инвестиция тартуға ықпал етеді.
Үшіншіден, геологиялық деректердің ашықтығы жеке капитал үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастырады. Ал түсті және сирек металдардың ұлттық қорын құру нарықтағы өзгерістер жағдайында ресурстарды тиімді басқаруға мүмкіндік береді.
Бұл бастаманың көпвекторлы сыртқы саясатпен де тікелей байланысы бар. Қазақстан әртүрлі мемлекеттермен жеке келісімдер жасасу арқылы өз өнімдерін өткізу нарықтарын кеңейтіп, бір ғана сатып алушыға тәуелділікті азайта алады. Осылайша, халықаралық әріптестермен өзара тиімді байланыс орнатуға және келіссөздерде дербес ұстаным қалыптастыруға мүмкіндік туады.
Сонымен қатар бұл саладағы негізгі міндеттердің бірі – шикізатты экспорттаумен шектелмей, оны ел ішінде өңдеу және жоғары қосылған құны бар өндірістерді дамыту. Өйткені стратегиялық металдардың экономикалық тиімділігі оларды өндірумен қатар, дайын өнім жасауға дейінгі өндірістік тізбекті қалыптастыруға байланысты.
Сондықтан Жолдауда белгіленген шаралар Қазақстанның табиғи ресурстар әлеуетін тиімді пайдалануға, жаңа инвестициялық серіктестіктер орнатуға және халықаралық жеткізу тізбектеріндегі орнын нығайтуға бағытталған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







