Жетісу облысында биыл «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында үш ауданда орталық саябақтарды жөндеу басталды. Олардың бірі Ақсу ауданында, атап айтқанда қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары жүріп жатқан Жансүгіров ауылында орналасқан. Орталық саябақты күрделі жөндеу келесі жылы аяқталуы тиіс. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаев аудан тұрғындарымен кездесу барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Облыс әкімінің айтуынша, биыл Қаратал, Көксу және Ақсу аудандарындағы саябақтарды жөндеу басталды.
Жансүгіров ауылындағы саябақ пен жаңа стадион
– Біз Жансүгіров ауылындағы жалпы аумағы 21 гектарды құрайтын қараусыз қалған саябақты екіге бөлу туралы шешім қабылдадық. 10 гектарын демалыс аймағына қалдырып, қалған аумаққа ауданға қажетті заманауи стадион салуды жоспарлап отырмыз. Биыл жергілікті бюджеттен саябақты күрделі жөндеуге бастапқы қаражат бөлінді. Қалған қаржыландыруды келесі жылы қарастырамыз. Саябақ құрылысы келесі жылы аяқталуы керек. Стадионның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірлену сатысында, ол аяқталған соң тиісті өтінім беру қажет. Аудан әкіміне бұл жұмысты қатаң бақылауға алуды тапсырамын, – деді Б. Исабаев.
Ауданды абаттандыру жұмыстары
Өңір басшысы Ақсу ауданының тұрғындарымен кездесуінде «Таза Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру аясында көпқабатты тұрғын үйлердің шатырлары мен қасбеттерін жөндеу, аулаларды, балалар және спорт алаңдарын салу және абаттандыру бойынша бірқатар маңызды жобалар іске асырылып жатқанын атап өтті.
Мәселен, Ақсу ауданында биыл 13 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттері мен шатырлары жөнделіп жатыр, ал тұрғын үй аулаларын абаттандыру жұмыстары толық аяқталды. Өткен жылы Матай, Қызылағаш және Жансүгіров ауылдарында 16 үйдің шатыры, қасбеті және ауласы жаңартылды. Сонымен қатар, 2025-2026 жылдары Матай, Қолтабан, Көшкентал, Алтынарық, Сағабүйен ауылдарында 40 шақырымнан астам электр желісі тартылып, 1300-ден астам көше жарығы орнатылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







