Қазақстанда Yandex Go сервисінде орын алған ауқымды техникалық ақау салдарынан пайдаланушылардың банк карталарынан орындалмаған сапарлар үшін негізсіз ақша ұсталды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әлеуметтік желілерде такси шақыру кезінде жүйенің істен шыққанын, тапсырысты жою мүмкін болмай, көлік келмесе де ондаған мың теңге көлемінде қаржының шешіп алынғанын айтқан азаматтардың шағымы көбейді. Қолданушылар арасында қосымшадан банк карталарын шұғыл ажырату туралы үндеулер тарады.
Болмаған сапарлар және қызметтің істен шығуы
Ақау кезінде мобильді қосымша ұзақ уақыт көлік іздеп, кейін қателіктер туралы хабарлама берген. Тапсырысты болдырмау тетігі істемей қалғандықтан, жүйе бірнеше жүргізушіні қатар бағыттап, кейін сол орындалмаған сапарлар мен күту уақыты үшін шоттан бірнеше рет қаржы ұстаған.
Жекелеген жағдайларда бір адамның шотынан 20 мыңнан 23 мың теңгеге дейінгі қаражат алынып кеткен. Сонымен қатар такси жүргізушілері мен курьерлер де тапсырыстарды қабылдау мен тапқан табысын карточкаларына шығарып алуда қиындықтарға тап болды. Баламалы тасымалдаушылардың бағасы күрт шарықтап, Бәсекелестікті қорғау агенттігі inDrive сервисіне негізсіз баға көтергені үшін ресми ескерту жасады.
Компанияның жауабы мен қаржыны қайтару уәдесі
Yandex Qazaqstan өкілдері төлем кезіндегі қателіктердің орын алғанын растап, зардап шеккендерге өтемақы мәселесін қарастыруға уәде берді.
Компания әрбір шағым бойынша жеке тексеру жүргізілетінін мәлімдеді.
«Тапсырыстар үшін төлем жасау кезіндегі қателіктерге байланысты пайдаланушылардан түскен өтініштерді көріп отырмыз. Қаражат негізсіз ұсталған барлық жағдай міндетті түрде қаралады. Қолдау қызметіне түскен жүктеменің артуына байланысты мұндай мәселелерді шешу әдеттегіден көп уақыт алуы мүмкін», – деп хабарлады Yandex Qazaqstan баспасөз қызметі.
Сондай-ақ компания желідегі карталардан ақша жаппай ұрланып жатыр деген сыңайдағы үрейлі хабарламалардың шындыққа жанаспайтынын, түсінбеушілік туындаған жағдайда қолдау қызметіне жүгіну қажеттігін ескертті.
Ақаудың себебі мен министрліктің мәлімдемесі
Техникалық мәселелер шетелдегі бұлттық деректер орталықтарының зақымдануынан кейін туындаған. Сервистің жұмысын қамтамасыз ететін жекелеген есептеуіш жүйелердің істен шығуы бірнеше елдегі платформалардың қатар бұзылуына алып келді.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі қазақстандық пайдаланушылардың дербес деректерін сақтайтын серверлер ел аумағында орналасқанын және қалыпты жұмыс істеп тұрғанын нақтылады. Алайда ведомство такси мен жеткізу сервистеріне қажетті кейбір технологиялық компоненттердің Қазақстаннан тыс жердегі инфрақұрылымға тәуелді екенін түсіндірді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







