Әлем мұхиттары мен теңіз жағалауларының өзгеруі әдетте толқын соққысы, қатты дауыл немесе су деңгейінің көтерілуі секілді қуатты табиғи құбылыстармен байланыстырылады. Алайда АҚШ-тың батыс жағалауындағы құм қабатының орын ауыстыруына мүлде басқа күш – көлемі бірнеше сантиметрден аспайтын кішкентай жәндіктер ықпал ететіні анықталды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ғалымдарды таңғалдырған түнгі эксперимент
Санта-Барбарадағы Калифорния университетінің ғалымдары Megalorchestia биологиялық тобына жататын құм секіргіштерінің (sand hopper) белсенділігін зерттеді. Олар жағажай құмына арнайы шаршы аумақтар белгілеп, оны түні бойы бақылауға қалдырған. Зерттеушілер ұйқыда болған кезде, түнде белсенділік танытатын кішкентай шаянтәрізділер жаппай құм қазу жұмысына кіріскен.
Таңертең жүргізілген өлшеу нәтижесі күтпеген деректерді көрсетті. Аталған тіршілік иелері жағалау сызығының әрбір метрінен тәулігіне 50 килограмға дейін құмды сыртқа шығарып, жылжытып тастаған. Бұл көлем жағынан әр метрге шаққанда шамамен 30 литрден астам құмды құрайды.
Зерттеушілердің есебінше, жағалаудың небәрі үш метрінде 21 450-ге жуық құм секіргіш тіршілік етеді, ал олардың бірлескен күші жағалау сызығының әр метрінен тәулігіне 50 келіге дейін құм қозғайды.
Күнделікті 310 тонна құм жылжиды
Ғылымда тірі ағзалардың топырақ пен құм шөгінділерін қозғау, араластыру процесі биотурбация деп аталады. Зерттеушілер оңтүстік Калифорнияның 25 шақырымдық жағалау сызығын есептей келе, құм секіргіштері тәулік сайын жалпы көлемі 310 тонна құрғақ құмды қозғайтынын анықтады. Мұндай ауқымды көрсеткіш аймақтағы ірі өзендер мұхитқа шайып әкелетін шөгінділер мөлшерімен пара-пар келеді.
Санта-Барбарадағы Калифорния университетінің теңіз ғалымы Дэвид Хаббард бұл құбылыстың ерекшелігін атап өтті:
«Олар ғаламшардағы биотурбация деңгейі ең жоғары тіршілік иелерінің қатарына жатады».
Шаяндар неліктен үнемі ін қазады?
Күндіз бұл шаянтәрізділер ылғал құмның 10-30 сантиметр тереңдігінде немесе жағаға шығып қалған балдырлар астында жасырынып жатады. Түн батқан соң олар сыртқа шығып, балдырлармен және органикалық қалдықтармен қоректенеді.
Өзге жануарлардан басты айырмашылығы – құм секіргіштері ескі індерін қайта пайдаланбайды. Олар әр түн сайын жаңадан ін қазып, құм қабатын үнемі үрпілдетіп, сыртқа лақтырады. Салдарынан борпылдақ құм жел мен толқынға оңай ілігіп, жағалау бойымен тез таралады. Осылайша кө көзге көрінбейтін ұсақ жәндіктер мұхит пен жағалаудың табиғи тепе-теңдігін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







