Жетісу облысында құны 1,5 миллиард теңге болатын 2,6 мың тонна алтын құрамды кенді елден заңсыз алып шығу әрекетінің жолы кесілді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Құжатта – мыс, ішінде – бағалы металл
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, көлеңкелі схеманы ұйымдастырушылар бағалы шикізаттың шынайы құрамын бүркемелеуге тырысқан. Экспорттық кеден құжаттарын рәсімдеу барысында жүктің сипаттамасы әдейі бұрмаланып жазылған.
«Шикізатты тасымалдау үшін пайдаланылған кедендік құжаттарда тауар «мыс кені мен концентраттары» деп көрсетілген. Бұл оның нақты құрамын жасыруға мүмкіндік берген», – деп хабарлады ҚМА баспасөз қызметі.
Қоймалардан тағы 1 000 тонна шикізат табылды
Жедел іздестіру және тергеу шаралары барысында құқық қорғаушылар Шығыс Қазақстан мен Алматы облыстарындағы бірқатар қойманы тексерді. Нәтижесінде ірі контейнерлерге салынып, шекара асыруға дайындалған тағы 1 000 тоннадан астам бағалы шикізат табылып, тәркіленді.
Жүргізілген тергеу амалдары заңсыз арнаны ұйымдастырушылардың жеке басын анықтады. Тәртіп сақшылары экспорттаушы компания саналатын «RedGold Mining» серіктестігінің басшысы мен оның бірнеше сыбайласының үстінен түсті.
Күдіктілер қамауға алынды
Қазіргі уақытта іс бойынша негізгі екі күдікті сот шешімімен қамауға алынды. Сонымен қатар сот санкциясымен «RedGold Mining» компаниясының барлық есепшоттары мен ақшалай қаражатына толық тыйым салынды.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесі үшін істің өзге жайттары жариялауға жатпайды. Уәкілетті органдар пайдалы қазбалардың заңсыз айналымына қатысты тексеруді жалғастырып жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







