Елімізде көктемгі алапат су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға келтірілген материалдық шығынды өтеу тетігі белгілі болды. Үкімет төтенше жағдай салдарынан мүлкі бүлінген немесе толықтай жойылған тұрғындарға көмек көрсету және залалды есептеу бойынша нақты қадамдар алгоритмін ұсынды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Су тасқыны еліміздің бірнеше өңірін қамтыды. Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ұлытау, Ақмола, Қарағанды, Атырау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында жергілікті деңгейдегі 29 төтенше жағдай жарияланған. ТЖМ мәліметінше, қауіпті аймақтардан 96 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Олардың арасында 7,6 мыңнан аса адам, соның ішінде 3,4 мыңнан астам бала уақытша орналастыру пункттерінде паналап отыр. Үкімет апат аймағындағы тұрғындарға бірінші кезектегі көмектен бөлек, келтірілген материалдық залалды толық өтеуге кепілдік берді.
Өтініш беру мерзімі және қажет құжаттар
Материалдық шығынға ұшыраған тұрғындар төтенше жағдай орын алған күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде жергілікті әкімдікке залалды өтеу туралы өтініш тапсыруы қажет. Егер азамат белгілі бір себептермен құжатты өзі апара алмаса, оның атынан туыстары немесе өкілдері сенімхат негізінде жүгіне алады. Сонымен қатар әкімдіктерге қажет болған жағдайда өтініштерді қабылдау мерзімін ұзарту жүктелді.
Өтінішке мына құжаттар қоса тіркеледі:
– Өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
– Төтенше жағдай кезінде немесе оның салдарын жою барысында жоғалған әрі жарамсыз болып қалған мүліктің толық тізімі.
Әкімдік түскен өтініш пен құжаттарды арнайы тіркеу журналына енгізіп, өтініш берушіге қабылданғанын растайтын қолхат береді. Құжаттарды қарауға әкімдікке 15 жұмыс күні бөлінген.
Өтініш тіркелген күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде әкімдік бағалаушыны тартып, мүлікке келтірілген шығын көлемін анықтауды ұйымдастыруға міндетті.
Залалды бағалау қалай жүргізіледі?
Шығынды есептеу үшін өтініш берушінің бүлінген мүлкіне бағалаушының тікелей кіруіне мүмкіндік жасалуы шарт. Зардап шеккен азамат бағалау жұмыстары өтетін уақыт пен орынды мамандармен өзара келісіп белгілейді. Бағалау толық аяқталғаннан кейін тұрғын шығын көлемі жазылған ресми есеппен міндетті түрде танысуы керек.
Төлем қашан және қалай жүзеге асады?
Тәуелсіз бағалаушының қорытындысы дайын болған соң, әкімдік 3 жұмыс күні ішінде қаражат бөлу туралы шешім қабылдайды. Шешім міндетті түрде тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың немесе ауданның бюджетін атқару жөніндегі уәкілетті органымен келісілуге тиіс.
Зардап шеккен тұрғындарға өтемақы төлемі қаражат бөлу жөніндегі тиісті шешім қабылданған соң 30 күнтізбелік күн ішінде аударылады.
Бекітілген тәртіп шығынды есептеуден бастап қаржыны өтініш берушіге төлеуге дейінгі барлық сатыны ашық жүргізуге бағытталған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







