Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Қытайдың China Huadian Overseas Investment Co. Ltd. компаниясының вице-президенті Чжоу Дэхуамен кездесіп, өңірдегі ірі энергетикалық жобалардың жүзеге асырылу барысын талқылады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Кездесуде Ақтау қаласында салынып жатқан қуаты 160 МВт бу-газ қондырғысының құрылысы және қуаты 500 МВт болатын жаңа энергетикалық нысан салу жоспары қаралды.

Құрылыс барысы және жобаның маңызы
Бу-газ қондырғысының құрылысы «МАЭК» мекемесін жаңғырту бағдарламасы аясында Қытайдың «Хуадян» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Жобаның жалпы құны — 210 млн АҚШ доллары.
Қазіргі уақытта нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қажетті энергетикалық жабдықтардың бір бөлігі жеткізіліп, оларды монтаждау басталды. Жабдықтардың қалған бөлігі кезең-кезеңімен жеткізілуде.
Жоба 2027 жылдың екінші тоқсанында аяқталып, станция толық пайдалануға берілгеннен кейін 100-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп жоспарланып отыр. Жаңа нысан өңірдің электр энергиясына деген қажеттілігінің шамамен үштен бірін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ынтымақтастықты кеңейту жоспары
Кездесу барысында «МАЭК» мекемесін жаңғырту аясында қуаты 500 МВт болатын тағы бір бу-газ қондырғысын салу мәселесі де талқыланды. Аталған жобаны іске асыру өңірдің энергетикалық әлеуетін одан әрі арттыруға бағытталған.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай энергетика саласындағы бастамаларды қолдайтынын айтып, екі тарап арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін жеткізді.
– Бұл жоба Маңғыстаудың энергетикалық жүйесінің тұрақтылығын арттырып, тұтынушыларды электр энергиясымен қамтамасыз етуге ықпал етеді. Осы ретте сіздердің компанияларыңызбен өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға, тәжірибе алмасуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін жан-жақты қарастыруға дайын екенімізді атап өткім келеді, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Сапар аясында өңір басшысы Ақтау қаласында салынып жатқан бу-газ қондырғысының құрылыс алаңына барып, жұмыс барысымен танысты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







