1 қазандағы жағдай бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) активтері бойынша кірістілік жылдық инфляция 6,9 пайызды құраған тұста небары 2,91 пайыз шамасында қалыптасты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қордың ай сайынғы шолуына сәйкес, биылғы тоғыз айдың қорытындысында инвестициялық табыс 766,32 миллиард теңгені көрсетті. Бұл көрсеткіш 1 қыркүйектегі 1,1 триллион теңгемен салыстырғанда едәуір аз. Салымшылардың жеке шоттарына бөлінген табыстылық деңгейі де бір ай бұрынғы 4,2 пайыздан 2,91 пайызға дейін сырғыды. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, осы аралықтағы жиынтық инфляция 6,9 пайызға жетіп, зейнетақы активтерінің нақты кірістілігі минус 3,99 пайыздық теріс аймаққа тереңдей түсті.
Кірістіліктің төмендеуіне не себеп болды?
Қор деректерінен байқалғандай, кірістің кемуі шетел валютасын қайта бағалаумен тікелей байланысты. Қыркүйек айының нәтижесі бойынша ұлттық валюта долларға шаққанда 4,6 пайызға нығайды. Валюта бағамының осындай динамикасы шетелдік активтерді ұлттық валютаға шаққанда шығынға ұшыратқан.
Сонымен бірге қор мамандары қысқа мерзімдегі құбылмалылық ұзақмерзімді стратегияны толық сипаттамайтынын алға тартты.
«Жекелеген қысқа мерзімді кезеңдердегі зейнетақы активтерінің кірістілігі оларды басқарудың тиімділік көрсеткіші саналмайды. Қысқа уақыт аралығында қаржы құралдары мен басқа да операциялар бойынша есептелген сыйақы бағалы қағаздар құны мен валюта бағамдарының ауытқуын әрдайым жаба бермейді», – деп түсіндірді қор өкілдері.
Соңғы 12 ай ішіндегі (2025 жылдың қазанынан 2026 жылдың қыркүйегіне дейін) есептелген инвестициялық табыс көлемі шамамен 706,33 миллиард теңгені құрады. Аталған мерзім аралығындағы жалпы кірістілік 2,64 пайыз деңгейінде тіркелді.
Зейнетақы жүйесіндегі маңызды өзгерістер
2027 жылдан бастап Қазақстанда зейнет жасына жеткен салымшыларға инфляция айырмасын біржолғы өтеп беру тетігі күшін жояды.
2027 жылдан бастап мемлекет салымшыларға жинақталған инфляцияны жабатын кірісті өтеуге кепілдік бермейді, осыған байланысты активтерді тиімді басқару жауапкершілігі арта түспек.
Қазірдің өзінде қазақстандықтар өз зейнетақы жинағының толық сомасын неғұрлым жоғары нәтиже көрсетіп отырған жеке басқарушы компанияларға сеніп тапсыру құқығына ие.
Сонымен бірге Ұлттық банк зейнетақы жинақтарын инвестициялау міндетін кезең-кезеңімен жеке басқарушылардың құзырына беруді жоспарлап отыр. Аталған норма Қазақстанның капитал нарығын 2030 жылға дейін дамыту бағдарламасына енгізілген.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







