Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Маңғыстау» теміржол вокзалының қайта жаңғыртылған ғимараты салтанатты түрде ашылып, халық игілігіне берілді. Салтанатты рәсімге ҚР көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, теміржол саласының ардагерлері, аудан тұрғындары мен қонақтары қатысты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Іс-шара барысында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай вокзалдың жаңғыруы өңірдің көлік инфрақұрылымын жетілдіруге, жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік беретінін жеткізді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде теміржол вокзалдарын жаңғырту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгін сол игі бастаманың аясында «Маңғыстау» теміржол вокзалы жаңарып, ел игілігіне беріліп отыр. Өз басым Маңғыстау вокзалын ең әдемі әрі ерекше нысандардың бірі деп санаймын. Оның теңізбен үндескен келбеті, заманауи сәулеті мен ішкі-сыртқы үйлесімі көңіл қуантады. Маңғыстау теміржолының тарихында аянбай еңбек етіп, теміржол саласының дамуына үлес қосқан ардагерлерге ерекше алғысымды білдіремін. Жаңарған вокзал маңғыстаулықтар мен өңіріміздің қонақтарына сапалы қызмет көрсетіп, халық игілігіне ұзақ жылдар бойы қызмет етсін», – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Hi-tech стилі және кеңейтілген аумақ
Жаңа вокзал жоғары технологиялық hi-tech стильде жобаланған. Ғимараттың сыртқы келбетін айшықтайтын витраждар мен қасбеттің сәулеттік шешімдерінде Маңғыстаудың табиғаты мен Каспий теңізінің толқындарынан шабыт алған көркемдік элементтер көрініс тапқан.
Жаңғырту нәтижесінде вокзалдың аумағы айтарлықтай ұлғайды. Бұрынғы ғимараттың ауданы 763,7 шаршы метрді құраса, жаңа үш қабатты кешеннің жалпы аумағы 9 мың шаршы метрге жуықтады. Бұл – бұрынғыдан 11 еседен астам үлкен.

Жолаушыларға жасалған қолайлы жағдай
Жаңартылған вокзал тәулігіне 2500 жолаушыға қызмет көрсетуге есептелген. Ал жазғы қарбалас маусымда бұл көрсеткіш 4 мың жолаушыға дейін жетеді. Жолаушылардың вокзал ішінде еркін әрі кедергісіз қозғалуына жағдай жасау мақсатында алты жеделсаты, екі эскалатор және бес траволатор қарастырылған. Сонымен қатар кешенде кең күту залдары, билет кассалары, ана мен бала бөлмесі және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қолайлы орта ұйымдастырылған.
Вокзалдың сыртқы аумағында 160 автокөлікке арналған тұрақ салынып, айналасы көгалдандырылған. Құрылыс жұмыстарын «АқжолҚұрылыс» ЖШС жүзеге асырды.

Салтанатты рәсімде Мұнайлы ауданының құрметті азаматы, теміржол саласының ардагері Табылды Әміров те құттықтау сөз сөйлеп, жаңғыртылған вокзалдың ел игілігіне қызмет етуіне тілектестігін білдірді. Бұдан соң салтанатты лента қию рәсімі өтіп, вокзал ресми түрде ашылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







