Америкалық Rocket Lab аэроғарыш компаниясы ғарыш аппараттары мен жерсеріктер өндірісіндегі басты кедергілерді еңсеруге арналған жаңа буындағы күн панелі элементтерін таныстырды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жаңа өнім Inverted Metamorphic (IMM) Apex деп аталады. Оның басты ерекшелігі – өндіріс барысында аса қат және тапшы металл саналатын германий субстраттары пайдаланылмайды. Әдетте ғарыштық радиацияға төзімді және тиімділігі жоғары көптүйінді күн батареяларының басым бөлігі дәл осы германийге тәуелді болатын. Соңғы жылдары жеткізу тізбегіндегі қиындықтар ғарыш аппараттарын құрастыру үдерісін едәуір тежеп келген еді.
Салмағы 40 пайызға жеңіл әрі тиімділігі жоғары
Әзірлеушілердің мәліметінше, IMM Apex элементтері дәстүрлі баламаларымен салыстырғанда 40 пайызға жеңіл. Ал күн сәулесін энергияға айналдырудың бастапқы тиімділігі 31,5 пайызды құрайды. Қазіргі таңда германий негізінде жасалған ең үздік элементтер шамамен 32 пайыздық тиімділік көрсетсе, қарапайым кремний панельдері 20 пайыз төңірегінде ғана қуат береді.
«IMM Apex арқылы тұтынушылар германийсіз, аса тиімді әрі жеңіл өнімге қол жеткізеді. Бұл құрылғы дәлелденген сенімділік пен жылдам өндіріс мүмкіндігін біріктіріп отыр», – деп атап өтті Rocket Lab USA президенті Брэд Клевенджер.
Маңызды артықшылықтардың бірі – жаңа элементтерді қазіргі ғарыш аппараттарының конструкциясын өзгертпей-ақ қолданысқа енгізуге болады. Ол бұрынғы жүйелердің механикалық және электрлік параметрлеріне толық үйлеседі. Осылайша өндірушілерге қосымша қаржы шығарып, жабдықтарын түбегейлі жаңартудың қажеті болмайды.
Марс миссиясынан орбиталық дата-орталықтарға дейін
Apex технологиясы Rocket Lab-тың бұған дейін ғарышта сыналған тәжірибесіне негізделген. Компанияның күн элементтері NASA-ның Марстағы атақты Ingenuity тікұшағын энергиямен қамтамасыз етуге пайдаланылған болатын. Қазіргі кезде мамандар Қызыл ғаламшарға бағытталатын жаңа миссияларға да осы санаттағы шешімдерді қарастырып жатыр.
Германий тапшылығын жою ғарыш кемелері мен жерсеріктерді жаппай құрастыру кезіндегі жеткізу дағдарысын толық шешуге жол ашады.
Сонымен бірге Rocket Lab жақында ғарыштағы дата-орталықтарға арналған кремний негізіндегі арнайы панельдерін де таныстырған еді. Компания осы арқылы орбиталық станциялар мен байланыс жүйелерінің әртүрлі қажеттіліктерін толық өтеуді көздеп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






