Ақтөбе облысының Шалқар станциясында жанармай құю кезінде орын алған жарылыстан денесінің 85 пайызын күйік шалған 46 жастағы теміржолшы Жұбандық Дүйсембаев ауруханада қайтыс болды. Дәрігерлердің жанқиярлық күресіне қарамастан, өте ауыр жарақат алған азаматтың өмірін аман алып қалу мүмкін болмады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Шалқардағы қайғылы оқиға
Қайғылы оқиға 15 қазан күні Шалқар локомотив депосы аумағында болған. Мәліметтерге сәйкес, жұмысшылар техникаға жанар-жағармай құю жұмыстарын жүргізіп жатқан кезде кенеттен тұтанған жарылыс пен алапат өрт екі азаматты шарпыған.
Соның салдарынан 46 жастағы Жұбандық Дүйсембаевтың денесінің 85 пайызын, ал оның 29 жастағы әріптесінің денесінің 40 пайызын терең күйік шалды. Қос теміржолшы бірден ауыр дәрежедегі күйік шогымен аудандық ауруханаға түскен. Жағдайдың аса күрделілігіне байланысты олар санитарлық авиациямен шұғыл түрде Ақтөбедегі облыстық көпбейінді аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілді.
Тоғыз күндік арпалыс және Астанаға аттанған жұмысшы
Ақтөбелік дәрігерлер Жұбандық Дүйсембаевты өкпені жасанды желдету аппаратына қосып, тоғыз күн бойы оның өмірін сақтап қалуға тырысты. Алайда тері қабатының түгелге жуық күйіп кетуі мен ішкі ағзалардың зақымдануы салдарынан науқас есін жимастан көз жұмды.
Ал екінші зардап шеккен 29 жастағы жұмысшының жағдайы да өте ауыр болып қалғандықтан, дәрігерлер кеңесінен кейін ол санитарлық авиацияның арнайы бортымен Астанадағы мамандандырылған комбустиологиялық орталыққа жөнелтілді. Елордалық дәрігерлер жас жігіттің өмірі үшін күресті жалғастыруда.
Қайғылы жағдай бойынша полиция Қылмыстық кодекстің 156-бабы 3-бөлігі (абайсызда адам өліміне әкеп соққан еңбекті қорғау қағидаларын бұзу) бойынша іс қозғады. Еңбек инспекциясы арнайы комиссия құрып, кәсіпорындағы қауіпсіздік ережелерінің қалай сақталғанын тексеруге кірісті.
ҚТЖ-дағы қауіпсіздік дағдарысы: қарапайым жұмысшының өмірі неге көк тиын?
Орын алған қасірет «Қазақстан темір жолы» жүйесіндегі еңбек қауіпсіздігінің мүшкіл халін кезекті мәрте әшкереледі. Жанармай құю – аса қауіпті өндірістік процесс саналады. Мұндай ортада ұшқыннан қорғайтын арнайы құрал-жабдықтар, отқа төзімді киімдер мен автоматтандырылған жүйелер қолданылуы тиіс еді.
Алайда шалғайдағы деполар мен станцияларда жұмысшылар әлі күнге дейін тозған техникамен, қауіпті сұйықтықтарды қолмен тасымалдауға мәжбүр. Ұлттық компанияның басшылығы жыл сайын миллиардтаған пайда мен сандық жетістіктерді есепке алып, топ-менеджерлерге қомақты сыйақы үлестіріп жатқанда, қарапайым теміржолшылар қараңғы деполарда қарабайыр тәсілмен жан бағып жүр.
Еңбек қауіпсіздігіне қаржы бөлмеу, ескі инфрақұрылымды жаңартпау және қызметкерлерді сапалы қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етпеу қарапайым шаңырақтардың қара жамылуына әкеліп соқты. Бір отбасы асыраушысынан айырылып, жетімдер жылап қалғанда, кінә тағы да «абайсызда өрт шығарған» қарапайым жұмысшылардың мойнына ілініп кете ме деген күдік басым.
ҚТЖ мен жауапты министрлік бұл оқиғаны жай ғана өндірістік жазатайым оқиға деп жылы жауып қоймай, теміржол саласындағы еңбек стандарттарын түбегейлі тексеруге міндетті. Әйтпесе қарапайым жұмысшылардың өмірі компанияның кірісінен кейінгі соңғы орында қала бермек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







