Бүгін Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде 25 қараша — Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою үшін күрестің халықаралық күніне орай «Қауіпсіз орта: отбасы, бала тәрбиесіндегі рухани нормалар» атты республикалық форум өтті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Отбасы – қоғамның алтын діңгегі, ал бала тәрбиесі – ұлт болашағына салынған инвестиция. Сондықтан отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ұлттық тәрбиені жаңғырту, бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету және зорлық-зомбылықтың алдын алу – баршамызға ортақ жауапкершілік.
Республикалық, Шымкент қалалық және университет Аналар алқаларының, сондай-ақ «Тәрбие және тұлғаны дамыту» орталығының ұйымдастыруымен өткен форумға еліміздің әр өңірінен ғалымдар, қоғам қайраткерлері, педагогтер мен аналар алқаларының өкілдері қатысты.
Жиында Республикалық Аналар алқасының төрағасы Нәзипа Шанаи, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, Шымкент қалалық Аналар алқасының төрағасы Гүлжан Сүгірбаева, университет профессоры Асма Қалыбекова және өзге де құрметті қонақтар маңызды ой-пікірлерімен бөлісті.
Өз сөзімде отбасы берекесі мен қоғам тұрақтылығының өзара тығыз байланысты екенін атап өттім. Жеті қат жердің астынан анаңдай қамқор таппассың деп шайырлар бекер жырламаса керек. Иә, баланың бойына ізгілік, құрмет, жауапкершілік пен адамгершілік қасиеттерді сіңіру ең алдымен отбасынан басталады. Бұл ретте ата-ананың жеке үлгісі, мектеп пен жоғары оқу орындарының тәрбиелік ықпалы, қоғамның ортақ ұстанымы ерекше маңызды.
Форум барысында дәстүрлі отбасылық құндылықтар, ата-ананың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігі, ананың психологиялық жағдайының бала дамуына әсері, отбасындағы құқықтық тәртіп пен қауіпсіздік, жастарды отбасылық өмірге дайындау мәселелері кеңінен талқыланды.
Мұндай кездесулердің басты құндылығы – өзекті мәселелерді ортаға салып қана қоймай, оларды шешуге бағытталған нақты ұсыныстар мен бастамаларға жол ашуында. Ғылыми қауымдастықтың, қоғам өкілдерінің және тәрбие институттарының бірлескен жұмысы қауіпсіз әрі саналы қоғам қалыптастыруға ықпал етеді.
Форумды ұйымдастыруға және өткізуге үлес қосқан барша модераторларға, спикерлерге, ғалымдарға алғысымды білдіремін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







