Халық кеңесінің мүшесі Мұрат Әбенов өзінің материалында «Қазатомөнеркәсіп» басқарма мүшесі Қуаныш Омарбековтің Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) тарапынан ұсталуына байланысты бұрын жүргізілген тексерістердің нәтижесін сынға алды. Автор мемлекеттік органдар компаниядағы сатып алуларға қатысты дабылдарды бірнеше ай бұрын естігеніне қарамастан, дер кезінде шара қолданбады деген пікірін білдірді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Сәуірдегі Мәжіліс мінбері және «бәрі таза» деген жауап
Мұрат Әбеновтің жазуынша, бүгінде мемлекеттік органдар «Қазатомөнеркәсіптегі» мемлекеттік сатып алулар төңірегіндегі түйткілдерді енді ғана байқағандай кейіп танытып отыр, алайда барлық дерек бұрыннан сатып алу порталында ашық жатқан. Автор сәуір айында әріптесі, депутат Бақытжан Базарбектің Мәжіліс мінберінен скриншоттарды көрсетіп, «Тұмар» және «Ақназар» компанияларын атағанын, телефон нөмірлері бірдей екенін және ондаған миллиард теңгелік мәмілелер бойынша тікелей сұрақ қойғанын еске салады.
Сол кезде Омарбековтің жанында отырып, ештеңеге қатысы жоқ адамдай сабырлы әрі сенімді жауап бергенін баяндаған Әбенов тексеру нәтижесіне шүйлігеді. Оның айтуынша, Бақытжан Базарбекке ресми түрде «тексереміз» деген жауап беріліп, артынша «бәрі таза» деген қорытындымен тақырып жабылған, тіпті кулуарда депутаттың өзіне тексерілмеген ақпаратты жарияламау керек еді деп ескерту айтылған. Әбенов сол уақытта Үкімет те, құқық қорғау органдары да естіген деректер бойынша шара қолданылғанда, бюджет қаражаты кем дегенде жарты жыл бойы аз талан-таражға түсер еді деп есептейді.
Кінәсіздік презумпциясы және тексергендерге қойылған сұрақтар
Мұрат Әбенов ҰҚК Омарбековті ұстағанымен, тергеу әлі аяқталмағанын және түпкілікті шешімді тек сот шығаратынын атап өтіп, ұсталған азаматтың әзірге қылмыскер деп танылмағанын ескереді. Десе де ол «жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайтынын» алға тартып, бұрын «бұзушылық жоқ» деп есеп берген жауапты тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беру қажеттігін жазады.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңда бұқаралық ақпарат құралдарында дабыл көтерілсе — тексер, қажет болса басшыны уақытша қызметінен шеттет деген талап бар. Енді қылмысты жасыру жөнінде күдік туындайды. Осы сұрақты сол кезде тексеру жүргізгендерге қою керек: «Қазатомөнеркәсіптің» мемлекеттік сатып алуларында бұзушылық анықталмады деп айтуға кім жауапкершілік алды? Парламент депутатын кім алдады? Заң шығарушы органды кім жаңылыстырды? Енді түк байқамағандай кейіп таныта алмайсыздар», – деп жазды Мұрат Әбенов.
Қорытындысында Халық кеңесі мүшесі бұрынғы «аңғалдық пен сенгіштік» үшін жауапты шенеуніктер халық пен Президент алдында жауап беруіне тура келетінін атап өтеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







