Биылғы 10 айда әлеуметтік жәрдемақыға бөлінген 1,3 млрд теңге заңсыз иемденілген. Қаржылық мониторинг агенттігі осыған қатысты 7 деректі анықтады. Бұл 2024-2025 жылдары тіркелген осындай заңсыз әрекеттерден келген шығыннан 100 млн теңгеге көп, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ақтаудағы алаяқтық схемасы
Мәселен, Ақтауда есепші жүкті әйелдерді жалған жұмысқа орналастыру арқылы әлеуметтік төлемдерді заңсыз рәсімдеген. Ол Instagram желісінде жәрдемақы көлемін арттырып беретінін айтып, адамдарды тартқан. Кейін таныстарының атына жеке кәсіпкерлік тіркеп, олардың электрондық цифрлық қолтаңбаларын пайдаланған. Жалған еңбек шарттары мен есеп құжаттарын дайындап, сол арқылы мемлекеттен жоғары мөлшерде төлем алуға мүмкіндік жасаған.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, бұл істе мемлекетке келген залал 146 млн теңгені құрайды. Сот айыпталушыны 5 жылға бас бостандығынан айырды.
Қылмыстық жолмен алынған кірістерге 3 бөлмелі пәтер сатып алған, тергеу барысында оған тыйым салынды. Сот шешімімен бүгінгі таңда ол мемлекет кірісіне өтті, – деді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан.
Тексерістің күшеюі мен салдары
Мұндай заңсыз әрекеттердің салдары адал кәсіппен айналысатын азаматтарға да тиіп отыр. Заңгер Әйгерім Ақниеттің айтуынша, әлеуметтік төлем алуға қатысты тексерістер күшейген. Соның салдарынан шағын кәсібі бар әйелдер әрбір шығынын құжатпен дәлелдеуге мәжбүр. Заңгер жуырда осындай мәселеге тап болған азаматшаның құқығын қорғаған.
Экономист Бауыржан Ысқақтың пікірінше, әлеуметтік көмекке бөлінген қаржының мақсатсыз жұмсалуы бюджет шығынын көбейтіп қана қоймай, қоғамдағы әділеттілікке және билікке деген сенімге де кері әсер етеді.
Бірінші кезекте осы әлеуметтік төлемдерге бөлінген қаражаттардың дұрыс бағытқа жұмсалмауы ол бюджеттің шығындарының көбеюіне алып келеді. Өйткені жаңағы негізгі мақсаты – бұл бюджеттің қаражаттарының тиімділігі болу керек, яғни азаматта, ауылдық азаматтар, сол төлемге мұқтаж азаматтарға барып, олардың әлеуметтік жағдайы көтерілу керек, – деді экономист Бауыржан Ысқақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







