Шымкент университетінде болашақ педагогтер мен заңгерлер прокуратура, қала әкімдігі және Жастар ресурстық орталығының қызметкерлерімен кездесті. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өткен жиында жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және заңсыз әрекетке куә болғанда қайда хабарласу керегі сөз болды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қоғамдық тәртіп пен азаматтық жауапкершілік
Кездесуде қала тазалығы мен қоғамдық тәртіптің байланысы студенттерге күнделікті өмірден таныс мысалдармен түсіндірілді. Ауланы таза ұстау, университеттің ортақ мүлкіне ұқыпты қарау, көмекке мұқтаж адамға қол ұшын беру – айналаңа жанашырлық танытудың қарапайым жолдары. Жиында осы жауапкершіліктің тағы бір қырына назар аударылды. Қатарласы қысым көргенде немесе біреу алаяқтың арбауына түскенде, оны елеусіз қалдырмау да азаматтық ұстанымға жатады.

Буллинг, алаяқтық және дропперлік қаупі
Еңбекші ауданы прокуратурасының прокуроры Нұрислам Сламбекұлы буллинг, алаяқтық және дропперлік мәселелеріне тоқталды. Дропперлік кезінде өзге біреулер күмәнді ақшаны өткізу үшін адамның банк шотын пайдаланады. Прокурор жасөспірімдердің де осындай әрекеттерге тап болатынын айтып, заңсыздықты жасырмай, тиісті органға хабарлауға шақырды.
«Жастарға құқық бұзушылық фактілеріне тап болса, полицияға немесе прокуратураға хабарласу қажеттігін үнемі түсіндіремін. Қазір буллинг, дропперлік, алаяқтық мәселелері жиі айтылады. Жасөспірімдер де осындай заңсыз әрекеттерге тап болып жатады», – деді Нұрислам Сламбекұлы.
Прокуратура өкілдерінің айтуынша, алдын алу жұмыстарының нәтижесінде жасөспірімдер мен жастар арасындағы құқық бұзушылық саны өткен жылмен салыстырғанда азайған. Мұндай кездесулердің болашақ педагогтер үшін де мәні бар. Ертең мектепке барған жас мұғалім оқушысының қатарластарынан қысым көргенін байқауы мүмкін. Сол кезде баланың сөзін тыңдап, көмекке қайда жүгінуге болатынын түсіндіре білгені маңызды.
Кездесу еркін пікір алмасуға ұласты. Студенттер ортаға салынған мәселелер жөнінде өз ойларын айтып, қоғамдық тәртіпті сақтауда жастардың өзіне жүктелетін жауапкершілікті талқылады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







