Депутат Ермұрат Бапи денсаулығына байланысты мәлімдеме жасап, әлдекімдердің әдейі уландыру әрекетіне тап болуы мүмкін екенін жеткізді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Саясаткер бұл жайлы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
«Қазір денсаулығым сыр беріп тұр. Дәрігерлер әзірге нақты диагноз айта алмады. Улану немесе қасақана уландыру ықтималдығы да қарастырылып жатыр екен. Жасушалық-молекулалық деңгейде тексеріс қажет деді. Не боларын көрерміз. Аман болайық, ағайын!» – дейді депутат өз жазбасында.
Ермұрат Бапи Назарбаев әулеті мен олигархиялық топтарға қатысты өткір мәлімдемелерімен танымал. Ол бұған дейінгі сұхбаттарының бірінде экс-президенттің қызы Әлия Назарбаеваны рейдерлік әрекеті үшін қатаң сынға алған.
Депутаттың сөзінше, Әлия Назарбаева белгілі кәсіпкерлер Нұрлан Бимурзин мен Медғат Қалиевтің меншігіндегі «TPK Asia» компаниясын рейдерлік жолмен тартып алуға тырысқан.
«Сасқан үйрек құйрығымен сүңгиді» дегеннің дәл өзі. Өз көзіммен Әлия Назарбаеваның қолы қойылған нотариалдық құжатты көрдім. Қолтаңбасы, мөрі бар ресми келісімшарт. Оның сыбайласы Рогованың да құжаттарын көрдім. Бұлардың барлығы біреудің ойдан шығарған ертегісі емес, нақты заңсыздықтың дәлелі. Осыған қарамастан, бұрын меншігінен айырылып қалған азаматтарды қайта-қайта сотқа сүйреп, арсыздық танытып отыр», – деді Бапи.
Оның айтуынша, Назарбаеваның ықпалы сот пен прокуратураның әрекетіне де әсер етіп отыр.
«Прокуратура мен сот жүйесі қазірдің өзінде Назарбаеваның ығына жығылып кеткендей көрінеді. Бұл мәселені депутаттық сауал ретінде көтергенмін, бірақ мардымсыз жауап алдым. Бизнесі мен 160 миллион долларлық активінен айырылған Бимурзин мен Қалиев прокуратураға бірнеше мәрте шағымданды. Әзірге ешбір орган әділдік танытқан жоқ. Барлығының көзқарасында Әлия Назарбаева судан таза, сүттен ақ болып отыр», – деді депутат.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

