Олигарх Нұрлан Тілеубаев аса ірі көлемдегі алаяқтық қылмысы үшін 10 жылға сотталды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкіміне сәйкес, Тілеубаев 2015 жылы «D.» банкін басқара отырып, мемлекеттік бағдарлама арқылы агроөнеркәсіпті дамыту үшін бөлінген 4 миллиард теңгеден астам қаржыны заңсыз жолмен иемденген.
Ақшаны алу схемасы жалған астық саудасы арқылы іске асқан. Формальды түрде астық сатып алу-сату келісімдері рәсімделіп, нәтижесінде миллиардтаған қаржы Тілеубаев бақылауындағы компанияларға несие ретінде аударылған. Алайда бұл келісімдердің ешқайсысы шын мәнінде орындалмаған.
Бұған қоса, банктен алынған несиеге кепіл ретінде 76 мың тонна астыққа берілген жалған қолхаттар, келешекте түседі деп жоспарланған 4,8 млрд теңге кіріс және жалпы көлемі 16,5 мың гектар жер көрсетілген. Соның ішінде 14,7 мың гектар жердің иелері, яғни Солтүстік Қазақстан облысының қарапайым тұрғындары кепілдікке қойылғанынан хабарсыз болған.
Іс насырға шапқан сәт…
Көп ұзамай, банк алдындағы қарыз өтелмей қалғандықтан, кепілдегі жер учаскелері мемлекет меншігіне өткен. Салдарынан пайшылар ауыл шаруашылығын жүргізу және осы жерлерден табыс табу құқығынан толық айырылды.
Сот процесінде Тілеубаевтың кінәсін прокурорлар мен жәбірленуші тарап толықтай қолдады. Сот оның алаяқтық әрекеті куәгерлердің айғағымен, аудит және сараптама қорытындыларымен дәлелденді деп тапты.
Ақырында сот шешімімен Тілеубаев 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оған өмір бойына банктік және қаржы ұйымдарының басшы қызметкері, сондай-ақ ірі акционері болуға тыйым салынып, 10 жыл бойы коммерциялық ұйымдарда материалдық жауапты басшылық қызметтер атқару құқығынан айырылды.
Пайшылар мен зардап шеккен тараптың азаматтық шығындары бөлек азаматтық сотта қаралатын болды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

