Назарбаев тұсында ірі оппозиционер болған саясаткер, кәсіпкер Ғалымжан Жақияновтың «Путинсіз Қазақстан» туралы айтқан мәлімдемесі тағы да жұрт назарына ілікті, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
1994-2001 жылдары Семей, Павлодар облыстарын басқарған, Қазақстандағы демократиялық қозғалыстың негізін қалаушы, Назарбаев режимін сынап сотталған Ғалымжан Жақиянов кейінгі кездері ойларын бүкпесіз айта бастаған.
«Жақиянов бүгінгі саяси жүйе, мемлекеттің қазіргі және алдағы бағыты туралы да жазып тұрады. Саясаткердің «Путинсіз Қазақстан» атты сараптамалық жазбаларында «Путин кеткен соң Қазақстанның нағыз егемен ел болуына мүмкіндік туады» деп айтқаны бар. Жақияновтың айтқан сөзінің жаны бар шығар, оны уақыт көрсете жатар», — дейді Bilgen durys арнасы.
Жақиянов «Путинсіз Қазақстан» туралы осыдан бір жыл бұрын берген сұхбаттарының бірінде айтты.
«Менің ойымша, Қазақстандағы саяси жүйе, авторитарлық саяси жүйеде өзгерістер байқалмайды. Әлі де сол ескі Қазақстанда, авторитарлық жүйеде тұрып келеміз. Қарап отырсақ, мұның себебі неде дегенде, мұның себебі еліміздегі басшыларда емес. Өйткені еліміздегі басшылардың өзі тәуелді болып тұр. Мәскеуге, Путинге, Кремльге тәуелді болып тұр. Соның айтқанынан шыға алмайды.
…Путин деген адамның аты ғана ғой. Мәскеудің бұрынғы саясаты, империялық саясаты жойылмай, Қазақстанда өзгеріс болмайды. Путинсіз Қазақстан деп те айтуға келеді, Кремльдің басқаруынсыз Қазақстан деген сөз ғой. Айналып келгенде түбі — сол. …Көп жағынан Ресейге байланыстымыз, экономика жағынан тәуелдіміз, бұрын ақпараттық жағынан тәуелді болып тұрдық», — деді Жақиянов Ara Media-ға.