Лауазымды қызметтер атқарған мемлекет қайраткері, Шымкенттің экс-әкімі Амалбек Тшан Олимпиададан кейін елдегі бокстың хал-ахуалына қатысты пікір білдірді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Амалбек Тшан Құлыбаев спорт саласында билікке келгеннен кейін спортшылар арасында «ақшақұмарлық» белең алғанын айтты.
«Федерацияны Құлыбаев басқарды ғой, Құлыбаев басқарған кезде, әрине, қаражат жағынан шек жоқ. Ағып келіп ағып кетіп жатқан дүние. Боксқа да аямай берді.
Құлыбаевтың заманында дүниеқұмарлық деген көбейіп кетті. 2008-2009 жылдары жасөспірімдер арасында Азия біріншілігі болды. Сонда Қазақстанның үш баласы алтын медаль алып келді. Сол балаларға 150 мың доллардан сый берді. Солар қайта көрінбей кетті, бокста жоқ, спортта жоқ, алған сыйменен кетті. Спорттағы жетістікті бағалау, мақтау, мадақтау дегеніңізді әсіре сілтегенде шегі жоқ. Жастардың көңілі әртүрлі болады. Доллар қалтаға түскеннен кейін көңіл бұзыла бастайды. Жақсы спортшы болу үшін адам өзін-өзі жеңе білуі керек, барлық құмарлықтан шектеуі керек. Тек спортқа берілу керек. Қазіргі бокста бапкерлердің өзі де ақшаға құмарлық белең алып кеткен. Дүниеқұмарлық дегеннің өзін де тоқтату керек сияқты. Бұл — бірінші мәселе», — деді ол ASSYLTAS TV-ға.
Саясаткер бас бапкер Мырзағали Айтжановтың басты кінәсін атады.
«Ең ары барғанда бір алтын болады деп ойлағанмын. …Спортта толық тоқырау болды. Спорт комитетінің төрағалары ауысып, бірінен кейін бірі қамалды. Сол тоқыраудың да әсері көп тиді. Осы жерде екі жағдайға бас жаттықтырушы Мырзағали Айтжановтың кінәсі бар. Біріншіден, 51 келідегі Махмудты 57 келіге өткізіп қойды. 57 келідегі Сәкенді 51 келіге алып келді. Сәкеннің қай салмақта болса да бойы ұзын. Оны 57 келіде ұстау керек еді. Махмуд 51 келіде өзбекті де жеңетін еді. Ол бала ерекше. Мырзағалидің осы шешімі ешқандай кешірімсіз нәрсе, жігіттерге қиянат жасады», — деді ол ASSYLTAS TV-ға.