Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев референдумда мақұлданған жаңа Конституция елдің орыс тіліне қатысты ұстанымын айқындап, Астананың Мәскеумен сенімді серіктес болып қалатынын көрсетеді деп мәлімдеді.
Бұл туралы Ertenmedia.kz хабарлайды.
Абаевтың айтуынша, Конституция мәтінінің қазақ және орыс тілінде бірдей заңдық күші бар нұсқада жариялануы мемлекет ұстанымының тұрақтылығын айғақтайды.
«Қазақстан халықаралық аренада Ресейдің сенімді және болжамды серіктесі болып қала береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Конституцияның қазақ және орыс тіліндегі мәтінінің тең дәрежеде жариялануы елдегі орыс тілінің және орыс тілінде сөйлейтін халықтың құқығын қорғаудағы дәйекті саясатымыздың дәлелі», – деді Абаев.
Елші сондай-ақ жаңа Конституцияның басты бағытының бірі адам құқығын қорғауға және ұзақ мерзімді даму жағдайын қалыптастыруға арналатынын айтты. Сонымен қатар ол референдумға бақылаушы ретінде қатысқаны үшін Ресей тарапына алғыс білдірді.
Айта кетсек, Конституцияны қабылдау бойынша референдум 15 наурыз күні өтті. Референдумның ресми қорытындысы 17 наурыз күні жарияланды. Жаңа Конституция 1 шілдеден бастап күшіне енеді деп жоспарланып отыр.
Бұған дейін депутат Мұрат Әбенов Ата заңның тыс нұсқасындағы тілге қатысты тармақ жөнінде пікір білдірген болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







