Алматы прокуратурасы Абай атындағы ҚазҰПУ-ға оқу корпустары мен стадионды қайтарды, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Медеу ауданының прокуратурасы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің мүлкін заңсыз сату деректерін анықтады.
«Оқу және тұрғын үй алаңы жетпейтініне қарамастан университеттің бұрынғы басшылығы сауда-саттық өткізбей және бағалаусыз жалпы ауданы 1500 шаршы метрден асатын екі оқу корпусын жеке тұлғаларға заңсыз сатқан», — деп жазылған хабарламада.
Бірақ ғимараттардың бірі бірнеше жыл бойы университеттің өзіне жалға берілсе, ал екіншісінде ойын-сауық мекемесі ұйымдастырылған.
«Спортты бірлесіп дамытамыз деген көзбояушылықпен Горький атындағы Орталық мәдениет және демалыс саябағында орналасқан алаңы 5 гектардан асатын спорт стадионы 10 жылға үшінші тұлғаларға берілген. 5 жыл бойы футбол алаңы коммерциялық мақсатта пайдаланылған, ал 16 мың студенттің дене шынықтырумен толық айналысуға және спорттық іс-шаралар өткізуге мүмкіндігі болмаған», — деп жазылған хабарламада.
Медеу ауданы прокуратурасының қадағалау актілері бойынша заңды күшіне енген сот шешімдерімен мүлік ұлттық университетке қайтарылды.