Абай облысына арнайы келген Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров өңірдің аграрлық болашағын айқындап, шаруалармен кездесті. Семейде өткен басқосуға облыс әкімі Берік Уәли, шаруашылық жетекшілері мен кәсіпкерлер қатысты. Жиын ресми форматтан шығып, ауыл өмірінің шындығын, нақты сұраныстарын көтерген ашық алаңға айналды, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Абай облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Абай облысы жаңадан құрылса да, ауыл шаруашылығы саласында өз орнын тауып келеді. 11 мыңға жуық агроқұрылым тіркеліп, биылдың өзінде 221 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Бұл – республика көлемінде төртінші орын. 782 мың гектар алқаптың 80 пайызы орылып, 265 мың тонна астық жиналды. Картоп пен көкөністен де мол өнім алынған. Бұл көрсеткіштер өңірдің тек малмен емес, егінмен де айналысуға қабілетті екенін көрсетіп отыр.
Аймақ басшысы Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығына инвестиция тарту жөніндегі тапсырмасына тоқталып, 2024 жылдың сегіз айында 32 млрд теңге инвестиция тартылғанын жеткізді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 170 пайызға артық. Әкімнің айтуынша, 2030 жылға дейін құны 197,5 млрд теңгеге бағаланған 85 ірі агрожоба жүзеге аспақ. Бұл – тек экономика емес, ауылды тұрақтандырудың, жұмыс орындарын құрудың, жастарды ауылда ұстап қалудың жолы.
Жиында ауыл шаруашылығын әртараптандыру, өңдеу саласын дамыту, ет комбинаты құрылысы секілді мәселелер қозғалды. Министр Айдарбек Сапаров мемлекеттік қолдау, жеңілдіктер, субсидиялар жайлы нақты ақпарат беріп, фермерлердің сауалдарына жауап берді.

Министрдің өзі “жаңа облысқа арнайы келдім” деп, шаруалармен ашық сөйлескенін, болашақта ет өндірісін көтеру арқылы ірі кәсіпорындарды іске қосу қажет екенін айтты. Ол құрылысымен танысып, министрлік тарапынан көмек болатынын жеткізді.
Кездесудегі басты құндылық салалық басшылар мен шаруалар арасындағы тікелей қарым-қатынас. Ауылдағы тіршіліктің мәнін қаладағы шенеунік түгел түсіне бермейді. Сол үшін осындай сапарлар, бетпе-бет сөйлесулер ауадай қажет. Абай облысы агросалада жаңашылдық пен жауапкершілікті қатар ұстанса, алдағы бес жылда республиканың тірек өңірлерінің біріне айналары анық.

		