Абай облысының қала-аудандарында су тасқынына қарсы іс-шаралар аясында жергілікті әкімдіктер мен коммуналдық қызметтер күшейтілген режимге көшті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Көкпекті ауданында қар жамылғысының орташа биіктігі — 77 см. Жердің тоңы — 72 см. Аудан аумағындағы республикалық, облыстық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарында 13 көпір және 107 су өткізгіш құбыр орналасқан. Қазіргі таңда барлығы қардан тазартылған. Аудан бойынша 34,2 мың текше метр қар шығарылған. Сыйымдылығы 150 адамдық эвакуациялық пункттер дайындалған. Ұзындығы 1800 метр болатын бөгет соғу жұмысы жүргізілуде.
Аягөз ауданында қар жамылғысының деңгейі — 51 см, жердің тоңы — 23 см. Аягөз қаласындағы 44 көшеден 108 500 текше метр қар шығарылған. 5 көшеде жұмыс жалғасуда. Ауданда су тасқынына қарсы шараларға 55 техника, 36 эвакуациялық қабылдау пункті мен 4 уақытша орналастыру пункті дайындалған. Аягөз қаласы мен басқа елді мекендерде өзен арналарын тазарту және жағалауды нығайту жұмысы жүргізілуде.
Мақаншы ауданында ауа райының қолайсыздығына байланысты қар тазалау және шығару жұмысы күшейтілген режимде жүргізілді. Қар тазалауға 60 адам, 21 техника жұмылдырылып, нәтижесінде 3900 текше метр қар шығарылды. Көліктердің қалыпты жүруі мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылданды. Қазіргі уақытта қар тазалау жалғасуда.
Бесқарағай ауданында да сақтық шаралары жүргізілуде. Азаматтық қорғау органдары мен коммуналдық қызметтер күшейтілген режимге көшті. Су тасқынының алдын алу және салдарын жою үшін қажетті инертті материалдар мен отын қоры әзірленді. Су өткізу инфрақұрылымына бақылау күшейтілді. Жол бойындағы барлық маңызды су өткелдері тазартылды.
Бородулиха ауданында 140 су өткізу құрылғысы мен 15 көпір тазартылды. 4000 мың қап инертті материал дайындалды. Ауданда жыл басынан бері 21 мың текше метр қар шығарылды. Инертті материалдың қоры — 250 тонна.
Тасқын қаупінің алдын алу мақсатында 5 наурызда Красный-Яр және Речное ауылдары аумағындағы Үбі өзенінде мұз жару жұмысы жүргізілді.
Абай ауданындағы ауылдық округтерден 605 текше метр қар шығарылды. Аудан бойынша 8100 қап, 500 тонна инерттік материал дайындалды. Аудандық маңызы бар автожолдардағы 56 су ағар және облыстық маңызы бар жолдардағы 153 су ағар тазартылды. Сондай-ақ жоспардан тыс су тасқынының алдын-алу және қауіпті азайту үшін Қарауыл және Шаған өзендерінің жағалауларының үйінділерін көтеру, арналарын түзету жұмыстары жүргізілді.
Ақсуат ауданында су өткізгіш құбырлар, көпірлер, тоғандар, ауыл арасынан өтетін арықтардың арналары қардан тазартылды. Елді мекендерден 7400 текше метр қар шығарылды, жұмыс жалғасуда.