Абай облысының әкімі Берік Уәли Бородулиха ауданына жұмыс сапары аясында «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватына қарасты Камышенка орманшылығының жұмысымен танысты. Орманшылармен пікірлесіп, мекемедегі техникаларды көрді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Камышенка орманшылығы жерінің жалпы ауданы 20 111 гектарды құрайды. Оның 18 579 гектары — орман алқабы.
Орманшылық иелігінде бір кеңсе, типтік орман өрт сөндіру станциясы, өрт-бақылау мұнарасы, арнайы автотракторлық техника мен бірнеше өрт сөндіру көліктері бар. Қазіргі уақытта мұнда 15 қызметкер жұмыс істейді. Сондай-ақ, 18 адамнан тұратын жеке құрам бар.
Облыс әкімі орманшылардың табиғатты қорғау бойынша атқарып жатқан еңбектерінің ерекше екенін атап өтті. Материалдық-техникалық базаны нығайтуға қатысты жұмыстардың жалғасатынын айтты.
«Орманды қорғау, табиғатты аялау әрбір азаматтың парызы деп санаймын. Орманшылардың атқарып жүрген жұмысы өте маңызды. Олар табиғатты қорғап, өрттің алдын алып, үлкен жауапкершілікпен еңбек етіп жатыр. Жергілікті әкімдік тарапынан тиісті қолдау көрсетеміз. Табиғатты сақтау, қорғау бәріміздің ортақ міндетіміз», – деді аймақ басшысы.