Қазақстанның арнайы қызметі мен Ішкі істер министрлігіне қарасты қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің (ҚАЖК) қызметкерлері АҚШ-тан ірі көлемде есірткі тасымалдауға қатысты күдікпен ұсталды, деп хабарлайды Ertenmedia Алматы қаласының прокуратурасына сілтеп.
«Арнайы операция барысында ҰҚК-ның 2 және ҚАЖК-нің 3 қызметкері ұсталды. Олар ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетін жасырын түрде қорғап, көмек көрсетіп отырған. Ұсталған 20 күдіктіге есірткі заттарын контрабандалық жолмен жеткізу, өткізу және қызмет бабын асыра пайдалану баптары бойынша айып тағылды», – делінген прокуратура хабарламасында.
Алматы қаласының арнайы прокурорлары осы іске қатысты тергеуді аяқтады.
Белгілі болғандай, қылмыстық топтың басында абақтыда жазасын өтеп жатқан азамат тұрған. Ол АҚШ-тан Алматыға марихуана мен каннабис сығындысын жеткізудің арнайы арнасын ұйымдастырған.
Қылмыстық топ құрамында ұйымдастырушы, кураторлар, қорғаушылар, есірткіні қабылдаушылар мен жасырын тасымалдаушылар жұмыс істеген.
Жетісу кеден бекетінде жүргізілген арнайы операция кезінде есірткі салынған 25 сәлемдеме тәркіленді. Олардың ішінде жалпы салмағы 43 келі болатын марихуана және каннабис сығындысы табылған.
«Кешенді тергеу мен сараптамалар нәтижесінде күдіктілердің заңсыз әрекеттері толық дәлелденді», – деді прокуратура өкілдері.
Сонымен қатар күдіктілер есірткі сатудан түскен ақшаны жылжымайтын мүлік, жер телімдері мен қымбат автокөлік сатып алу арқылы заңдастырып келген.
«Сот санкциясымен күдіктілерге тиесілі 5 пәтер, 3 ғимарат, 10 жер телімі мен 44 автокөлік тәркіленіп, бұғатталды. Қылмыстық іс Алматы қаласы бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына 2025 жылдың 30 қыркүйегінде жолданды», – деп хабарлады прокуратура.
Құзырлы орган есірткіні заңсыз тасымалдау мен сатудың ауыр қылмыс екенін еске салып, азаматтарды жеке мәліметтерін бөтен адамдарға бермеуге шақырды.
👉 Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

