Күні кеше ғана Теректі ауданы, Сарыөмір ауылындағы «Жас ұлан» лагерінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған жас мамандарға арналған «ADAL CAMP» жазғы лагері өтті.
Екі күнге созылған шараға аудан бойынша 40 жас қатысты. Олардың қатарында жас мемлекеттік қызметкерлер, жастар ресурстық орталығының мамандары және белсенді жастар бар. Лагерьдің негізгі мақсаты – қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, парасаттылық пен әділдікті насихаттау болды.
Алғашқы күні қатысушылар танысу және команда құру тренингінен бастады. Жастар саясатында жемісті қызмет етіп жүрген көшбасшы жастар облыстық қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы М.Бисекенов, облыстық ЖРО басшысы А.Ибраев, “Жастар рухы” ЖҚ БҚО филиалы төрағасы А.Исламғалиев және Орал қалалық ЖРО басшысы, мемлекеттік “Дарын” жастар сыйлығының иегері Д.Жүсіпқалиевтің қатысуымен мотивациялық кездесу өткізілді. Сонымен қатар жастар «Qazaqsha quiz» интеллектуалдық ойынында білімдерін сынады.
Лагерь қатысушыларына ҚР Мемлекеттік басқару академиясының БҚО филиалының тренері С.Кужбанова «Ашықтық және сенім: жеке әрі командалық жауапкершілік дағдылары» тақырыбында тренинг өткізді. Кешкісін ашылу салтанатына арналған концерт ұйымдастырылып, артынша аудан әкімі Ә.Мұханбетжанова мен БҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары М.Қасымов жастармен еркін форматта сұхбат құрды.
Лагерьдің екінші күні таңғы жаттығудан басталып, спорттық жарыстар (футбол, волейбол, арқан тарту) ұйымдастырылды. Жастар демалып қана қоймай, Шалқар көлі жағасында экологиялық акция өткізіп жағалауды тазартуға үлестерін қосты. Екі күндік мазмұнды бағдарламаның соңында қорытындылау рәсімі өткізіліп, белсенді қатысушыларға арнайы сертификаттар табыс етілді.
«ADAL CAMP» лагері жас мамандардың бір-бірімен тәжірибе алмасуына, ой-өрісін кеңейтуіне және ең бастысы – әділдік пен адалдық құндылықтарын бойына сіңіруіне үлкен мүмкіндік берді.