Алматыда блогер әрі құқық қорғаушы Әділетхан Молдахан тергеу аяқталғанша екі ай қамауда отыратын болды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Полиция департаментінің мәліметінше, ол «көпе-көрінеу жалған ақпарат таратты» деген күдікпен ұсталған.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында екі ай мерзімге күзетпен ұстау шарасына санкция берілді. Қазір істің барлық мән-жайын толық және объективті анықтау мақсатында тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады ведомство.
Бұған дейін Молдахан Әл-Фараби даңғылында болған жантүршігерлік жол апаты туралы әлеуметтік желілерде бірқатар резонансты жазба жариялаған еді. Осыдан кейін оны полицияға тергеуге шақырып, кейін ұстап, сот 10 тәулікке қамауға алған болатын.
Еске салсақ, 21 наурызға қараған түні Әл-Фараби даңғылы мен Мендіқұлов көшесінің қиылысында ауыр апат болып, Zeekr автокөлігі қарсы бетке шығып Mercedes-пен соқтығысқан. Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушы сол жерде көз жұмды, ал Zeekr көлігінің жүргізушісі ауруханаға жеткізілді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







