Теміртаулық журналист Олег Гусевтің сотталуына қатысқан адвокат Мұрат Адамның қазір ORDA интернет-басылымының бас редакторы Гүлнара Бажкенованың құқығын қорғауы қоғамда түрлі сұрақ тудырды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бір жағдайда айыптау жағында болған заңгердің екінші жағдайда сөз бостандығы туралы айтуы кейбір ортада екіұдай ой туғызады. Алайда Мұрат Адам мұндай пайыммен келіспейді әрі екі істің құқықтық табиғаты бөлек екенін алға тартады.
Екі іс – бір адвокат
Заңгер бұл ұстанымын Алматыда өзіне қатысты өткен сот отырысында ашық айтты. Сол процесте қалалық Әділет департаментінің адвокаттық лицензиясынан айыру жөніндегі талабы қаралған. Департамент өкілдерінің уәжіне сәйкес, Мұрат Адам Гүлнара Бажкенованың үстінен жүргізіліп жатқан тергеу ісіне қатысты шындыққа сай келмейтін ақпарат таратқан. Осы әрекет кәсіби этика мен процессуалдық тәртіпке қайшы деп бағаланған.
Материалдарда көрсетілгендей, 2025 жылдың 1 желтоқсанында сағат 12:00-де Бажкенованың үйінде және Orda.kz редакциясында санкцияланған тінту басталған. Араға елу минут салып, яғни 12:50-де Мұрат Адам оқиға орнына келген әрі өзін қорғаушымын деп таныстырып, тергеу іс-шараларына қатысуды талап еткен. Алайда сол сәтте оның қорғаушы екенін растайтын тиісті құжаттары болмаған. Әділет департаментінің түсіндіруінше, процессуалдық мәртебесі айқындалмаған адвокаттың тергеуге араласуына заң жол бермейді.
Соған қарамастан, Мұрат Адам сағат 14:30 шамасында әлеуметтік желілерде бірнеше жазба жариялап, өзін тергеу процесіне кіргізбей жатқанын мәлімдеген. Тергеу органдарының дерегіне сүйенсек, Facebook, YouTube және Instagram платформаларында барлығы 16 жазба қалдырылған. Ресми органдар бұл әрекеттер қоғамда тергеу барысына қатысты бұрмаланған пікір қалыптастырды деп есептейді.
Қоғамдық талқылаудың күшеюіне адвокаттың бұрынғы істері де әсер етті. Олег Гусевке қатысты сот процесінде Мұрат Адам айыптау тарапының мүддесін қорғап, журналисті бас бостандығынан айыруды сұраған. Ал қазіргі жағдайда ол өзге бір журналистің ісін сөз бостандығының шектелуімен байланыстырып отыр. Заңгер мұндай айырмашылықты екіжүзділік деп бағалау орынсыз дейді.
Мұрат Адамның айтуынша, аталған істер екі түрлі баппен қозғалған және құқықтық мәні де өзгеше. Гусевтің ісі сөз бостандығына қатысы жоқ, ол жеке деректерді заңсыз таратты деген негізде қаралған. Ал Бажкенова кәсіби қызметін атқару барысында қылмыстық қудалауға ұшырап отыр деген уәж айтылады. Осы айырмашылықты адвокат негізгі аргумент ретінде келтіреді.
Еске сала кетсек, Олег Гусев үш жылға бас бостандығын шектеу жазасына тартылған. Сот шешімінде интернеттегі ашық дереккөзден алынған материалдың мақсатсыз әрі заң талаптарына қайшы таратылғаны көрсетілген. Құқық қорғау органдары мұндай әрекетті қоғамға қауіпті деп бағалаған. Ал Гүлнара Бажкеноваға қатысты іс жалған ақпарат тарату бабы бойынша тергеліп жатыр. Осы екі процестің құқықтық контексі мен салдары әртүрлі екенін Мұрат Адам бірнеше мәрте атап өтті.
Айтпақшы, Қазақтың CPC Blend маркалы мұнай экспортының күрт қысқаруы салдарынан Еуропада мұнайдың бағасы шарықтап барады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

