Қазақстанда жол қауіпсіздігі бойынша заңнама түбегейлі өзгеруі мүмкін. Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов қазіргі айыппұл жүйесін сынға алып, әсіресе, «Сергек» камераларының қарапайым халыққа ғана әсер етіп, бай-бағландардың ережені елемейтінін айтты деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әбеновтің пікірінше, айыппұлдар қарапайым жүргізушілер үшін ауыр салмақ болса, аса қымбат көлік мінгендерге еш әсер етпей отыр.
«Қазір біз «Сергекке» тым сеніп кеттік. Камералар қарапайым жүргізушілерді тәртіпке келтіреді, өйткені олар үшін айыппұл үлкен шығын. Ал ауқатты азаматтар айына миллиондап төлеп, күліп жүре береді. Бағасы 100–200 мың доллар тұратын көлікті тізгіндегендер үшін 1–2 миллион теңге айыппұл кәдімгі жол жүру ақысы сияқты болып кеткен», – деп ашынды депутат.
Осыған байланысты Мұрат Әбенов экстремалды жылдамдықпен жүруді мас күйінде көлік айдаумен теңестіретін заң жобасын дайындап жатыр. Оның ұсынысына сәйкес, белгіленген жылдамдықтан 60 км/сағ артық жүрген жүргізушілерге бірден жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айыру және 15 тәулікке қамау жазасы қолданылмақ.
«Қалада рұқсат етілген жылдамдық 60 км/сағ болса, жүргізуші 125 км/сағ жылдамдықпен ұсталған жағдайда, бірінші рет жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айырылып, 15 күнге қамалуы керек. Егер осындай жағдай екінші рет қайталанса – өмір бойына жүргізуші куәлігінен айырып, 50 тәулікке қамауға алу қажет. Әріптестерім бұл ұсынысты қолдайды деп үміттенемін», – деді мәжілісмен.
Бұған қоса…
Депутат адам өліміне әкелген жол апаты үшін берілетін жаза мерзімін де ұзартуды ұсынды. Оның айтуынша, қазір Қылмыстық кодекстің 345-бабымен адам өліміне әкелген апатқа берілетін 10 жылдық жаза өте аз.
«Біздің ұсынысымыз бойынша, жол апатынан бір адам қаза тапса, жүргізуші 7 жылдан 10 жылға дейін сотталуы тиіс. Ал екі және одан көп адамның өліміне себепкер болса, мерзім 10 жылдан 15 жылға дейін ұзартылуы керек. Бұл әрекет ауыр қылмыстар санатына жатқызылуы қажет. Қазір үш адамның өліміне 10 жыл беру әділетсіздік», – деп атап өтті Мұрат Әбенов.
Депутат әзірлеген заң жобасы жақын арада Парламент қарауына ұсынылмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







