Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденов өзіне жасалған қарулы шабуылдың жай-жапсарын алғаш рет толық баяндады, деп хабарлайды Ertenmedia.
Онлайн режимде өткен сот отырысында Берденов айыпталушы Ернар Жиембаймен арада ешқандай жақын таныстығы болмағанын айтты. Әкім орынбасарының сөзінше, ол Жиембаймен бар-жоғы үш рет кездескен: екі рет жұмыс барысында, бір рет шабуыл жасалған күні.
«Жиембай маған бірнеше рет хабарласып, үйіме келемін деді. Бірақ мен оның сөзіне мән бермедім. Бір күні инспектор Асанбай хабарласып, Жиембай өзін өлтірем деп қорқытқанын айтты. Инспектор оны мас шығар деп топшылаған еді», – деді Берденов.
Берденовтың айтуынша, Жиембай басқарып тұрған кезде «Тұрғын үй Шымкент» компаниясына қатысты шағым көбейген. Компания конкурссыз тапсырыс алған, құрылыс материалдарын тым көп мөлшерде сатып алып жатыр деген ақпараттар түсіпті. Берденов осыған байланысты есеп сұратқан, алайда Жиембай құжат беруден бас тартып, инспектормен жанжалдасқан.
«Сол оқиғадан кейін онымен жұмыс істеу мүмкін емес екенін түсіндім», – деді ол.
Шабуыл болған күнді еске алған шенеунік:
«Жиембай маған бес рет оқ атты. Оқ тиген соң жерге құладым. Жақын маңда TikTok үшін видео түсіріп жүрген екі қыз көмекке келді. Біреуі фельдшер екен. Олар маған көзімді жұмбауды сұрады.
Оқ өкпемді тесіп өтіп, тыныс ала алмай жаттым. Кейін операция кезінде өкпемнің 20 пайызын алып тастады. Өлемін деп ойладым, кәлиманы қайталап жаттым.
Жиембай тағы бір мәрте жақындап, қаруын қайта оқтап жатқандай болды. Бәлкім, мылтығының шүріппесі сіресіп қалған болар. Әйтпесе қайтадан маған қарай жақындаудың не қажеті бар еді? Оның түпкі ойын түсініп отырған боларсыздар», – деді Берденов.
Сондай-ақ шенеунік сот барысында Жиембайдың әйелі Луиза Алдановамен таныс емес екенін айтты.
«Өзің жасаған іске әйеліңді, балаларыңның анасын араластыру қате. Қолыңмен жасағанды мойныңмен көтере білуің керек. Маған сендердің мақсаттарың белгілі. Әкең менің адвокатыма хабарласып, мансабыма балта шабам деп қоқан-лоққы жасаған», – деді Берденов.
Жиембай сот барысында Берденовтың атын қайта-қайта атап, жауап қайтаруға тырысты. Ол соңғы сөзінде өз отбасының ешкімді қаралауды мақсат етпегенін айтты.
Қазір іс жарыссөз кезеңіне өтті. Алдағы отырыста прокурорлар Жиембайға сұрайтын жазасын жариялауы тиіс.