Ақтөбе облысындағы Хромтау қаласының әкімі Сағындық Шәбікбаев пара алды деген айыппен сот алдында жауап беруде, деп хабарлайды Ertenmedia.
Лауазымды тұлға қараша айында ұсталған. Тергеу аяқталып, іс сотқа жолданған. Алғашқы сот отырысы бүгін, 11 желтоқсанда Хромтау аудандық сотында өтті.
Шәбікбаев Хромтау қаласының әкімі қызметіне 2023 жылы сайланған болатын. Қазір қала әкімінің орны бос қалды. Кезектен тыс сайлау келер жылдың 11 қаңтарына белгіленген. Әкім лауазымына үміткерлердің есімдері алдағы уақытта белгілі болады.
Айта кетейік, осыған ұқсас жағдай Қандыағашта да тіркелген еді. Бұған дейін аталған қаланың әкімі Қазбек Аққайыр қызметтік кабинетінде әйел адамды ұрып-соққаны үшін кінәлі деп танылған. Аққайырдың өзі бұл айыпты жоққа шығарғанымен, жәбірленушімен некесіз қарым-қатынаста болғанын мойындаған. Сот шешімімен оған айыппұл салынды және ол қызметінен босатылмақ. Сондай-ақ Аққайыр жәбірленушіге өтемақы төлеуге міндеттелді.
Ал Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың әпкесі Айгүл Байханова Екібастұзда мас күйінде көлік жүргізгені үшін ұсталып, 15 тәулікке қамауға алынды. Бұған қоса ол жеті жыл көлік жүргізу құқығынан айырылды.

