Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасады деген Ернар Жиембайдың анасы көпшілікке үндеу жолдады, деп хабарлайды Ertenmedia.
Соңғы күндері желіде ұлына қатысты түрлі қауесет мен қаралау сипатындағы ақпараттың көбейіп кеткеніне алаңдаған Светлана Сәриева елдің көкейіндегі сауалға өз жауабын берген екен.
Айтуынша, Ернар мектеп қабырғасынан бастап ерекше қабілетімен, елгезектігімен көзге түсіп, №50 мектепті ҰБТ-дан 114 балл жинап, мемлекеттік грант иегері атанған. Бұған дейінгі оқуында №38 мектепте оқушылар арасында президент болып, қатарластарының сеніміне ие болған.
Анасы ұлын намысшыл, әділ әрі елжанды азамат ретінде сипаттап, «ел іргесіне қауіп төнсе, ұлымның ең бірінші болып сапқа тұрарына сенімдімін» дейді.
«Ернарға қатысты ешқашан қылмыстық іс қозғалмаған. Оны сотқар етіп көрсетуге тырысып жатқандар да бар. Негізсіз айыптау мен жалған ақпарат таратушылардың заң алдында жауап беретінін ескерткім келеді», – дейді Светлана Сәриева.
Ол сондай-ақ, ұлының миллиардтаған соманы жымқырғаны туралы ақпараттың да шындыққа жанаспайтынын жеткізді.
«Әлі сөз рас болса, ол қазір келініммен бірге жалдамалы пәтерде тұрмас еді. Мұны оның көршілері де, туыстары мен әріптестері де жақсы біледі. Оның үстіне, Ернар жұмыс істеген «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС оның жеке кәсібі емес, ол толықтай әкімдікке қарасты мекеме», – деп атап өтті Сәриева.
Сонымен қатар ол Ернардың әкесі туралы да жалған ақпарат тарап жатқанын айтты.
«Жолдасым прокуратура органдарында қызмет еткені рас, алайда 2013 жылы зейнет жасына толуына байланысты қызметтен босатылған. Ол ешқашан қызметін асыра пайдаланып, біреудің ала жібін аттаған емес. Абыроймен еңбек етіп, таза күйінде зейнетке шықты», – дейді Ернардың анасы.
Светлана Сәриева қоғамды негізсіз қауесетке сенбей, шындықты анықтауға шақырып отыр.