Алматы әкімі Дархан Сатыбалды 21 наурызда Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатына қатысты пікір білдірді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қала басшысы әкімдікте өткен жиналыста апат салдарынан қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтып, қайғылы оқиға жол қауіпсіздігін бақылау жұмыстарының осалдығын көрсеткенін атап өтті.
«Осы оқиға қаладағы полиция тарапынан жол қозғалысын қатаң бақылаудың қажет екенін дәлелдеп отыр. Енді полиция барлық құқық бұзушылыққа, тіпті тұрақ ережесін бұзғандарға да қатаң шара қолдануы тиіс», – деді әкім.
Сатыбалды қаладағы жағдайды жеке өзі қадағалайтынын және жұмыстардың орындалуын бақылап отыру үшін үнемі тексеріс жүргізетінін жеткізді.
Алайда…
Полиция департаментінің басшысы Айдын Қабдулдинов баяндамасында нақты шаралардың орнына, қаладағы 9 мыңнан астам «Сергек» камерасының бар екенін атап, Алматыда жол-көлік оқиғасынан қаза табу көрсеткіші ел бойынша ең төмен деп есеп берді.
«Статистиканың төмен болуы ештеңені білдірмейді, бір адамның өлімі орны толмас қайғы. Біздің басты мақсатымыз жолдар мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі. Қанша цифрлық жүйе енгізсек те, егер тәртіп сақталмаса, нәтиже болмайды. Полиция бұдан былай барлық ереже бұзушылықтарға қатаң шара қолдануы керек», – деді әкім полицияның есебіне жауап ретінде.
Осы оқиға аясында полиция департаменті басшысының орынбасары Ержан Ұзабаев қызметінен шеттетілген болатын. Сонымен қатар, оның жүргізушісіне қатысты қылмыстық іс қозғалып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сәденовтың пәрменімен Алматы полициясының басқа да басшылары жұмыстан қуылған.
Еске сала кетейік
21 наурызда Әл-Фараби даңғылында Zeekr автокөлігі қарсы жолаққа шығып кетіп, Mercedes көлігімен соқтығысқан еді. Жол апаты салдарынан Mercedes көлігінде отырған екі қыз және бір жас жігіт оқиға орнында қаза тапты. Кейін анықталғандай, Zeekr жүргізушісі көлікті мас күйінде басқарған.
Жиналыс барысында қала әкімі жол инфрақұрылымын жөндеу мәселесіне де тоқталды. Биыл Алматыда 360 көшеге орташа жөндеу жүргізілетіні белгілі болды, оның ішінде 17 магистральді көше бар.
«Жыл сайын жолды жөндеуге қомақты қаражат бөлінеді, бірақ көктем сайын тұрғындар тарапынан сын көбейеді. Мердігер компаниялармен нақты әңгіме жүргізілуі тиіс. Жұмысын сапасыз орындайтын компаниялар қаладағы жобалардан шеттетіледі», – деп түйіндеді Дархан Сатыбалды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







