Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің активтерін мемлекет меншігіне қайтару мәселесі көтерілді, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров әділдікті қалпына келтіріп, сыбайлас жемқорлық әрекетіне қатысы бар азаматтарды жауапқа тарту қажет екенін жеткізді. Бұл туралы ол Алматыда өткен «AMANAT» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңестің кезекті отырысында мәлімдеген.
«Екі мыңыншы жылдардың басында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде мемлекеттің және осы оқу ордасының меншігі талан-таражға түсті. Университеттің 3 жатақханасы, 5 лабораториялық ірі нысаны және 6 гектар жері белгісіз бір себептермен жеке адамдардың қолына өтіп кетті. Мұның артында сыбайлас жемқорлық әрекеті тұрғаны анық.
Бүгінде Бас прокуратураның және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері осы мәселемен айналысып жатыр. Әрине, осы жылдар аралығында меншіктер екінші, үшінші, төртінші қолға өтіп кетті. Соған қарамастан, әділдік қалпына келуі керек. Балаларымыздың аузынан жырып алынған барлық ырыздықты қайтаруымыз қажет. Бұған жол берген азаматтар құқықтық жауапкершілікке тартылуға тиіс», – деді Ерлан Саиров.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің сотқа дейінгі тергеу қызметі басшысының орынбасары Қуандық Рашит университет нысандарын жеке қолға беруге қатысты заңбұзушылық фактілеріне тоқталды.
«Агенттік былтырдан бері осы оқу ордасының мүліктерін жеке тұлғаларға сату деректері бойынша тергеу жүргізіп келеді. Қазір тиісті сараптамалар жасалып жатыр. Құзыретті органдардың мамандарымен бірге осы меншіктер жеке тұлғаларға қандай жолмен беріліп, нендей заң бұзушылық жасалғаны тексеріліп жатыр. Тергеу амалдары қолға алынды», – деді Қуандық Рашит.
Жиынды қорытындылай Ерлан Саиров бір кездері білім ордасына тиесілі болған жылжымайтын мүліктерді міндетті түрде қайтару қажет екенін жеткізді.
Айта кетейік, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті — 96 жылдық тарихы бар оқу орны. Ауыл шаруашылығы саласына қажет мамандар даярлайтын бірден-бір білім ордасы. Аграрлық саладағы білім мен ғылымның көшбасшысы саналады.