Халықаралық энергетика агенттігінің (МЭА) мәліметінше, әлем елдерінің «көмірден бас тартамыз» деген қарқыны бәсеңсіген, деп жазады Ertenmedia.kz.
Алдағы уақытта көмірді жаһандық тұтыну 2026 жылы тағы 0,5 пайызға өсіп, 8,85 млрд тоннаға жетуі мүмкін. Қарапайым тілмен айтқанда, рекорд жаңарады. Климатқа салмағы ауыр отын екенін бәрі біледі, бірақ нарық пен саясат кейде логикаға бағынбайды.
Өсімнің негізгі драйвері ретінде АҚШ аталады. Ол жақта көмір электр станцияларын жабуды тежейтін саяси шешімдер қабылданып, «жабамыз» деген жоспарлар кейінге қалдырылған.
Энергетикадағы қауіпсіздік, желі тұрақтылығы, бағалардың құбылуы сияқты себептер көмірге «уақытша тірек» рөлін қайта бергендей. Осындай қадамдар әлемдік статистиканы да өзіне қарай бұрып отыр.
Еуроодақта да төмендеу бар, бірақ екпіні бәсең. 2025 жылы көмір тұтынуы бар болғаны 3 пайызға азайған. Ал 2023 және 2024 жылдары қысқару 18 пайыз деңгейінде болған еді.
Демек, ЕО көмірден бас тарту бағытын ұстағанмен, күн мен желдің тұрақсыздығы, өндірістің қажеттілігі, қыстың тәуекелі сияқты факторлар көмірді өмірімізде ысыра алмаған.
Мамандардың есебінше, сұраныс тек 2030 жылдарға қарай ғана аздап төмендеуі ықтимал. Яғни, көмір мәселесі бір-екі жылда жабылатын тақырып емес. Энергетикалық өтпелі кезең ұзарып барады, ал климаттық міндеттемелер мен нақты өмірдің сұранысы арасында тартыс күшейе түсуде.

