Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Халықтың күнделікті тұтынатын негізгі азығы – нан, қант, май, ет пен көкөніс бағасы әр отбасының тұрмыс сапасына тікелей әсер ететіні белгілі. Сондықтан облыс әкімдігі бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі қолға алып, әрбір қадамды бақылауда ұстап отыр, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Апта сайын ұйымдастырылатын жәрмеңкелерде жергілікті тауар өндірушілер өз өнімдерін делдалсыз, тікелей халыққа ұсынуда. Мұндай шаралар тек бағаның тұрақтылығына емес, сонымен қатар ауыл шаруашылығын дамытып, отандық кәсіпкерлердің өрісін кеңейтуге ықпал етіп отыр. Ең бастысы тұрғындар азық-түлікті нарықтағыдан 20-30 пайыз төмен бағада сатып ала алады. Бұл халықтың әлеуметтік жағдайына нақты қолдау.
Облыс аумағында 38 әлеуметтік дүкен тұрақты жұмыс істеп тұр. Онда күнделікті тұтынатын тауарлар қолжетімді бағада саудаланып, әлеуметтік әлсіз топтарға айтарлықтай жеңілдік жасалып отыр. Әкімдік жанынан құрылған Тұрақтандыру қорының жұмысы да осы мақсатқа бағытталған. Бүгінде қорда 22 мың тонна азық-түлік бар, яғни маусымдық тапшылықтың алдын алуға жеткілікті көлем қалыптастырылған.

Бұл өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жасалған маңызды қадам. Бұған қоса, қаладағы сауда желілеріндегі бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін арнайы жұмысшы топтар мониторинг жүргізіп келеді. Соңғы бір айдың ішінде бағаны негізсіз көтерген 59 сауда орны әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынғаны – бұл бағыттағы қатаң бақылаудың нақты дәлелі.
Әсіресе ет бағасы халықты қатты алаңдататыны белгілі. Осыған орай облыс әкімдігі ет өндіруші шаруаларға мемлекеттік қаржылай қолдау көрсетіп, сиыр етінің бағасын тұрақтандыруға күш салуда. Нәтижесінде базарлар мен дүкендерде сиыр еті 2600 теңгеден саудаланып жатыр. Бұл – еліміздегі ең төменгі баға болып тіркелді.
Статистикалық деректер де осыны растайды, Түркістан қаласында тұз, күнбағыс майы, сиыр еті, сары май, қант, жұмыртқа және көкөніс өнімдерінің бағасы басқа өңірлермен салыстырғанда айтарлықтай төмен деңгейде. Мұның бәрі – халықтың күнделікті тұрмысына оң әсер етіп отырған жүйелі саясаттың нәтижесі.
Бағаны тұрақтандыру жұмысы тек уақытша шара емес, ұзақ мерзімді жоспарға негізделген. Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын бақылау, халыққа қолжетімді бағада ұсыну – билік пен халық арасындағы сенімді нығайтуға да ықпал етеді. Өйткені әр отбасы үшін асханадағы нан бағасы мен базардағы ет құны ең басты әлеуметтік көрсеткіштердің бірі. Ал Түркістан облысы осы бағытта алдыңғы қатарда келе жатқанын нақты деректер дәлелдеп отыр.