Ақтау маңына құлаған Әзербайжан ұшағы 38 адамның өмірін жалмады. Ұшақ апатынан кейін Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Кремльге ашық талап қойды, «істеген істеріңді мойындарыңмен көтеріңдер» деді.
Саясаттанушы, АҚШ-тың Джордж Вашингтон университетін Стратегиялық коммуникация мамандығы бойынша тәмәмдаған Шалқар Нұрсейіт Әлиевтің саяси аренадағы ұстанымы мен Путинге көрсеткен «мінезіне» қатысты пікір білдірді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Сарапшы әлеуметтік желіде Қазақстан да марқұм болған азаматтарының құнын даулауы керек еді деген пікір білдірді.
«Бүгін Қ.Тоқаев Ақтау маңында құлаған әзербайжандық ұшақтағы кісілерге көмектескен қазақстандықтарға медаль мен орден таратыпты. Жапа шеккен жолаушыларға көмекке ұмтылған азаматтарымыз қошемет пен құрметке әбден лайық. Оған ешкімнің дауы жоқ. Алайда сол ұшақта алты бірдей азаматы қаза болған, жақында тәуелсіздігінің 33 жылдығын атап өткен егемен елдің президенті ең алдымен құрбан болған отандастарының құнын сұрауға ұмтылуы тиіс еді ғой? Жарайды, зерттеу мен тергеу жұмыстары әлі аяқталған жоқ дейік. Тәуелсіз елдің президенті, сенат спикері, министрі мен депутаттары, жоқ дегенде, ұшақтың құлауына құстар себеп болды деген абсурдке келіспесін білдірер еді ғой?» — дейді ол.
Сондай-ақ, саясаттанушы бұл талап Әлиевтің Путинге мінез көрсетете алатынын дәлелдеп бергенін айтты.
«Әлиевтің қазіргі ұстанымын кім сыртқы саясат емес деп айта алады? Осы ұстанымы арқылы Әлиев Ресеймен соғысқалы отыр деп кім айта алады? Әлиев пен әзербайжан билігінің іс-әрекетін кім хайп қуу, популизм немесе спекуляция деп айта алады? Қалай десек те Ильхам Әлиев Путиннің мінезді президенттермен санасатынын әдемі көрсетіп берді», — деді ол.
Шалқар Нұрсейіттің пікірінше, Әзербайжанда да, Қазақстанда да авторитар жүйе билік құрып отыр. Ол басты айырмашылық Әлиевтің билігі азаматтардың шынайы қолдауына ие болуы екенін айтады.
«Былтыр Таулы Қарабахты қайтарған соң Ильхам Алиев ұлт қаһарманына айналды десе болады. Менің ойымша, Таулы Қарабахты қайтару жолында Әзербайжан екі нәрсені жақсы меңгеріп алды. Біріншісі – халықаралық аренада сапалы ақпараттық кампания жүргізу, мемлекет пен саяси режимнің имиджін жасау. Осы мақсатта Баку шетелдік лоббистермен, заңгерлермен, PR компаниялармен тиімді жұмыс істей алатын болды. Екіншісі — ұлттық мүдде үшін күресу. Өз пайдасы үшін Ресеймен де, Батыспен де, халықаралық ұйымдармен де келіссөз жүргізуді үйренді. Тіпті Таулы Қарабах үшін соғыс жүріп жатқанда Арменияның ЕАЭС пен ОДКБ бойынша одақтасы Беларусьтен қару сатып алған кезі де болған», — дейді сарапшы.
Саясаттанушы Әзербайжан Ресей депутаттарының провакациясын Кремльдің көзқарасы емес деп жылы жауып қоятын ел емес екенін мәлімдеді.
«2022 жылы Әзербайжан билігі Госдума депутаты Михаил Делягинге көкесін танытқан. Дәлірек айтқанда, Ресей депутаты “Россия 1” арнасында Таулы Қарабахтағы іс-әрекеті үшін Әзербайжанның мұнай және энергетика инфрақұрылымын жайрату керек деген. Артынша Әзербайжанның Бас прокуратурасы Делягинге қылмыстық іс қозғап, сот шешімімен Интерпол арқылы оған халықаралық іздеу жариялады. Путиннің баспасөз хатшысы Песков пен РФ Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Захарова Делягиннің пікірі Мәскеудің ресми позициясы емес деп ақталған. Тіпті Захарова Делягиннің мәлімдемесін “жауапсыз” деп сипаттап, Дума басшылығы түсініктеме беруі керек деген. Депутатты әріптестері де артық кетті деп сынаған. Шарасы қалмаған Делягин “Говорит Москва” радиосында Әзербайжан халқынан кешірім сұрауға мәжбүр болды. Одан қалса, “Справедливая Россия” партиясы басшыларының бірі Ресейдегі Әзербайжан елшісінен өз партияласы Делягиннің қылығы үшін кешірім сұрады.
Елдің егемендігі мен ұлттық намысы үшін сөзбен емес, іспен күрес деген осы. Айтпақшы, И.Әлиев Қ.Тоқаев секілді МГИМО түлегі және кәсіби дипломат. Екі елдің де парламенті президентке тәуелді. Алайда, көріп отырғанымыздай, ұлттық мүдде мен азаматтарының құқығын қорғау дегенді екі елдің президенті мен депутаттары екі түрлі түсінетін секілді», — деп түйіндеді ол.
27 желтоқсанда Әзербайжан тарапы ұшақ апатына қатысты өз талаптарын ресми түрде Ресейге тапсырған. Сондай-ақ, Әзербайжан президенті «көзге көрініп тұрған нәрсені жасыруға тырысу — ақымақтық» екенін мәлімдеді.
Әзербайжан Кремльге қойып отырған талаптар мынадай:
- Біріншіден, Ресей тарапы Әзербайжаннан кешірім сұрауы керек.
- Екіншіден, өз кінәсін мойындауы керек.
- Үшіншіден, кінәлілер жазаланып, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы керек. Әзербайжан мемлекетіне, зардап шеккен жолаушыларға және экипаж мүшелеріне өтемақы төленуі керек.