Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Әли Әлиев Бельгиядан 0:6 есебімен ойсырай жеңілгеннен кейін өз еркімен отставкаға кететінін мәлімдеді, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл шешім тек бір ойынның нәтижесі емес, тұтас футбол жүйесіндегі кемшіліктер мен сәтсіздіктерді, дайындық пен жоспардың әлсіздігін көрсетіп берді. Әлиевтің өзі жауапкершілікті мойнына алып: «Бұл жеңіліс – менің кінәм. Президентке барып, дереу отставкаға кететінімді айтамын» деді ол.
Жанкүйерлердің жүрегін жаралаған Бельгиядағы ойында Қазақстан құрамасы алаңда әлсіздік танытты. Тек есеп қана емес, ойынның өзі де үмітсіз болды. Бес матчтың қорытындысында небәрі үш ұпай жинап, Лихтенштейннен жеңіс алғаннан басқа жетістік жоқ.
Ал Уэльс пен Солтүстік Македонияға екі реттен ұтылып, әлемдік аренада өз орнымыздың қаншалықты төмен екені айқындалды. Бұл ұлттық деңгейдегі футболдың дамуына қатысты ойланатын ауыр сабақ.
Әлиев қаңтар айында ғана ұлттық құраманы қабылдап алған болатын. Оның алдында ресейлік маман Станислав Черчесов кеткенде, қоғам жаңа бапкерден үлкен серпіліс күтті. Бірақ небәрі бірнеше айдың ішінде нәтиже осылайша күйрегендіктен, жауапкершілікті бір адамның мойнына арту дұрыс па деген сұрақ туындайды. Қазақстан футболының даму жолында бапкерлерді жиі ауыстыру үйреншікті жағдайға айналып кеткен. Әр сәтсіздікте бапкер кетеді, бірақ жүйе өзгермейді.
Футбол елдің беделі, жастардың арманы, халықтың сенімі. Бельгиядан жеңіліс пен Әлиевтің отставкасы футболға бөлінген қаржының, инфрақұрылымның, бапкерлік мектептердің қаншалықты әлсіз екенін көрсетіп отыр. Жүйе өзгермей, тек бапкерді ауыстырумен шектелсек, нәтиже де өзгермейді.