Уашингтонның вольфрамға деген тәбеті ашылды. Cove Capital Қазақстанға $1 млрд құяды деп жазады Ertenmedia.
Трамп әкімшілігі Ақордамен экономикалық әріптестікті күшейту аясында Cove Capital инвестициялық компаниясы мен «Тау-Кен Самұрық» бірлесіп, еліміздің шығысындағы ірі вольфрам кен орындарын игеру туралы келісімге қол жеткізгенін жариялады.
Reuters агенттігінің мәліметінше, жалпы құны 1,1 млрд долларлық жоба бойынша Cove Capital бірлескен кәсіпорынның 70 пайызын иеленіп, өндірілген металды сатумен айналысады.
«Тау-Кен Самұрыққа» қалған 30 пайыз тиесілі. Жобаны қаржыландыруға АҚШ-тың Экспорт-импорт банкі (EXIM) 900 млн доллар бөлуге әзір.
Солтүстік Қатпар және Жоғарғы Қайрақты кенішінен алынатын вольфрам АҚШ үкіметі мен өнеркәсіп саласының аса маңызды қажеттілігін өтеуге бағытталады. Әмірика 2015 жылдан бері осы металды өндірмейді, ал әлемдік нарықтағы басым үлес Қытайдың қолында.
Cove Capital басшысы Пини Әлтхаустың айтуынша, келіссөзге Доналд Трамп пен сауда министрі Говард Латник тікелей араласып, аталған активті Бейжіңнің қолына түсірмеуге ықпал еткен.
«Осынау келісім Америка үшін сенсациялық жетістік», – дейді Әлтхаус.
АҚШ Мемхатшысының орынбасары Кристофер Ландау келісімнің маңызына тоқталып, Астана мен Әмірика арасындағы әріптестіктің бұрын-соңды болмаған белеске шыққанын атап өтті.
Жоспар бойынша, кен орындарында құрылыс жұмысы екі жыл ішінде басталып, алғашқы өнім 3,5 жылдан соң беріледі. Ең бастысы, шикізат Қазақстан аумағында өңделмек.
Айта кетелік, Тоқаевтың АҚШ сапары қарсаңында Washington Post Қазақстанға арналған көлемді сараптама әзірлеген. Басылымға пікір білдірген беделді сарапшылар:
«Қазақстанда әмірикалық компаниялардың экономикалық мүддесі болса, Мәскеудің қолы байланып, агрессиясы қиындайды. Уашингтон сирек метал мен энергетика саласындағы келісім арқылы Астананың аймақтағы ықпалын арттырып, солтүстіктегі тұрақтылықты күшейте алады», – деген болатын. Толығырақ осы тұста.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Кремльді қапы қалдырған келісім: Ақ үйден Астанаға аттанған 17 млрд доллар

