Әмірика Қазақстанды қоса алғанда, 75 елдің азаматтарына иммиграциялық виза беруді уақытша тоқтатты деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Экономист Алмас Шөкиннің пайымдауынша мұның астарында алпауыт елдегі демографиялық және экономикалық тұрақтылықты сақтау амалы жатыр.
Сарапшының сөзінше, АҚШ пен Батыс елдері әлемнің түкпір-түкпірінен ағылатын мигранттарды қабылдауға қауқарсыз. Демократ Байденнің тұсындағы гуманизм келмеске кеткен. Трамп әкімшілігі алдымен жергілікті халықтың, төл тұрғындардың мүддесі ескерілуі қажет деп есептейді.
«Шексіз гуманизмнің идеясы Еуропада фиаскоға ұшырап, енді оған АҚШ та жаңаша қарай бастады. Батыс елдері барлық босқынды құшақ жая қабылдай алмайды. Әр халықтың өз жерінде қауіпсіз өмір сүруге, өз үйінде тұруға құқығы бар», – дейді ол.
Шөкиннің айтуынша, АҚШ дәл қазір осындай мәселемен бетпе-бет келіп отыр. Елге келушілердің бір шоғыры миграциялық процесті толық өтпестен бөгде елде жылдар бойы қалып қояды. Олардың бала-шағасы Құрама Штаттардың тілі мен өмір салтын қабылдаса да, заң жүзінде статусы жоқ.
Сарапшының пайымынша, Ақ үй енгізген жаңа ереже елге келгісі келетіндерді емес, «мемлекетке пайдасы тиетіндерді», яғни денсаулығы мықты, әл-ауқаты мен білімі бар азаматтарды іріктеуді көздейді.
Бірақ бір кілтипан бар…
Критерийлер әлі айқын емес. Соның кесірінен визалық процесті жартылай өтіп қойғандар да қиын жағдайға түскен.
«Көптеген лотерея жеңімпаздары (Green card) үй-жайын сатып, жұмысынан шығып кетті. Енді олар белгісіз жағдайда қалды. Трамптың шешімі бір адамға ғана емес, тұтас отбасылар мен олардың болашағына балта шауып жатыр», – дейді Шөкин.
Бұған дейін Мемдеп Қазақстанды қоса алғанда, 75 елдің азаматтарына иммиграциялық виза беруді уақытша тоқтатқанын мәлімдеген. Әмірика шенділері шешімді жаңа тәртіп енгізу және бюджетке түсетін миграциялық салмақты азайту мақсатымен түсіндірген.
Айта кетелік, түнеукүні Ақ үй басшысы президент Тоқаевқа хабарласып, Майамиде өтетін маңызды шараға шақырған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

