Кейінгі уақытта Қазақстанның күштік құрылымдарында үздіксіз ауыс-түйіс жүріп жатыр. Басты назар Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінде, оған қоса Қарулы Күштер де қатарда бар. Шенділердің орын ауыстыру процесі көбіне лауазымды орынбасарлар мен қандай да бір бөлімдердің басшылығына қатысты болып отыр. Бұл өзгерістің түпкі мәні қандай?
ErtenMedia.kz порталы белгілі саясаткер Әміржан Қосанның пікірін білді.
Жуырда Нұртас Қабақов Қарулы Күштер Әуе қорғанысы күштері Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің қолбасшысы лауазымынан босатылды. Ал оның орнына Қайрат Дәуітов Қарулы Күштер Әуе қорғанысы күштері Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің қолбасшысы лауазымына тағайындалды. Сондай-ақ, Руслан Сарқұлов Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды. Бақытбек Рахымбердиев Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының орынбасары – Терроризмге қарсы қызметінің бастығы болды. Еркін Ботақанов Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы лауазымынан босатылып, Аңсаған Балтабеков Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы лауазымына тағайындалды.
Тоқаев күштік құрылым басшыларының жаңадан тағайындалған орынбасарларын қабылдап, лауазымды тұлғаларға тиісті ведомстволарда өздері жетекшілік ететін бағыттар бойынша бірқатар тапсырма да берді.
«Кез келген мемлекеттің бүгіні мен болашағына әсер ететін бір критерий бар. Ол — мемлекеттік органдардың, соның ішінде оның басшыларының тұрақтылығы. Ішкі және сыртқы кауіптері бар Қазақстан үшін бұл тұжырым ерекше өзекті. Өкінішке орай, президент Тоқаев бастама көтерген Жаңа Қазақстанның кардрлық саясаты тұрақты деп айта алмаймын: министрлер мен олардың орынбасарлары бүгін тағайындалып, ертең түк болмағандай өз орнынан кетіп жатады, жұртшылық ол кадрлық шешімдердің себеп, салдарынан ескі Қазақстан тұсындағыдай беймәлім һәм бейқам. Шешуші кадры тұрақсыз мемлекеттің өзі тұрақты бола алмайды», — дейді саясаткер бұл турасында.
Әміржан Қосан арнайы органдардың, соның ішінде Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің басшылары тағы да ауысып жатқанына назар аударды.
«Аузы күйген үріп ішеді» дейді атам қазақ. Кезінде президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен күйеу баласы Рахат Әлиев Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшыларының бірі болып, саяси оппозиция мен отандық бизнеске тізесін батырып, сұмдық арандатулар, рейдерлік ұйымдастырған кездер (маған және менің отбасыма жасаған оңбағандықтары ел есінде деп ойлаймын!) мен қазақтың шаңырағын шайқалта жаздаған Қанды Қаңтардан кейін біз осы күштік органдарына өзгеше назар аударуымыз қажет еді ғой. Алайда, «баяғы жартас – сол жартас»: біреуі келеді, біреуі кетеді. Бұл үрдістің себептерін оларды тағайындап, орнынан алатын құзыры бар президент Тоқаев білер», — деді ол.
Саясаткер мәселенің екі себебі барын айтты.
«Біріншіден, біз әлі де саяси транзит кезеңінен шыға алмай жатырмыз. Ал күштік құрылымдар кез келген мемлекеттің арнайы ұстыны боп табылады. Олардың басшыларының жиі ауысуы ескі Қазақстан мен Жаңа Қазақстанның, нақты айтсам, кешегі президент пен бүгінгі президенттің саяси тартысының, керек десеңіз, Шекспирдің «Лир королі» драмасына лайық көрініс деп білемін: қандай шиеленістер, қандай иірімдер, қандай драма!
Екінші себепті мен жиі айтып жүрмін: Тоқаев дипломат болған соң, маңайына сол ортадан кадрлар жинауда, ол елшілер дипломатиялық протоколды білгенімен, қазақ елінің ішкі жағдайынан бейхабар. Қазір мемлекетімізде бір-бірін қолдап, бір-біріне сүйеніп, кадрлық саясатқа белсене араласып жүрген – дипломаттар, сол себепті олармен араласпаған лайықты кадрлар өз бағасын ала алмай жүр. Ол болса, өзін Жаңа Қазақстан деп атап жүрген жүйенің кадрлық саясатының Ахиллес табаны деп білемін», — деді Әміржан Қосан.