Жуырда Киевте оппозициялық журналист Айдос Садықовқа қарулы шабуыл жасалды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Оқиға журналист пен оның әйелі Наталья Садықова көлікте отырған сәтте орын алған. Белгісіз біреу жақындап келіп, тікелей Садықовқа оқ атқан. Қазір ол ауыр халде ауруханада жатыр.
Қастандықтан кейін қоғамда оқиғаға Қазақстан билігінің қатысы болуы мүмкін деген пікір жиі айтылуда. Осыған байланысты саясаткер әрі журналист Әміржан Қосан мәселенің жан-жақты тергеліп, кінәлілердің дереу анықталуы керегін айтты.
«Саяси резонанс тудыратын кез келген қылмыс бірден қоғамдық пікірді қоздырады. Мұндайда әр тарап өз мүддесін алға тартып, қарсы жақты кінәлауға бейім тұрады.
Сондықтан алдымен ресми тергеудің қорытындысын күткен жөн. Украинадағы құқық қорғау жүйесі ашық әрі объективті тергеу жүргізеді деп сенемін.
Қазақстан да бұл процеске тиісті құжаттар мен дәлелдерді жария түрде ұсынып, қолда бар ақпаратты ашық жеткізуі керек», – дейді ол.
Нақты мотив неде?
Әміржан Қосан қылмыстың артында нақты мотивтің жататынын еске салды. «Журналистің ақпараттық қызметі кімнің мүддесіне қайшы келді, қандай топтарды сынады, осының бәрі тергеу барысында анықталуы тиіс. Бізде идеологиялық көзқарас пен жеке тұлғаға қатысты компромат тарату араласып кететін жағдай жиі кездеседі», – деді ол.
Саясаткердің пікірінше, Қазақстандағы суперпрезиденттік жүйе жағдайында мұндай оқиғаларда президенттің есімі аталып жатады.
«Президент барлық азаматтың конституциялық құқықтарының кепілі. Сондықтан бұл оқиғаға Президент Тоқаевтың бірден назар аударуы дұрыс қадам. Қазақстандық ресми органдардың украиналық әріптестерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі де маңызды», – деді Қосан.
Сонымен қатар саясаткер бұл жағдайдың конспирологиялық қыры болуы мүмкін екенін де жасырмайды. «Тоқаев билікке келгеннен кейін ықпалды топтарды саясат пен экономикадан ығыстырды. Олар қазіргі президентке қарсы гибридтік күрес жүргізіп, кез келген оқиғаны өз пайдасына пайдалануы мүмкін. Сондықтан Садықовқа жасалған қастандықтың осындай саяси астарын да жоққа шығаруға болмайды», – деді ол.
Қылмыстың геосаяси астары бар ма?
Ал бірқатар сарапшылар оқиғада геосаяси астар болуы мүмкін деген пікірде. Бірақ Әміржан Қосан бұл болжамға қосылмайтынын айтты. «Қазақстан мен Украина, сондай-ақ басқа мемлекеттермен де тұрақты қарым-қатынаста. Бір журналистке жасалған шабуыл мемлекетаралық қатынасқа салқынын тигізеді дегенге сенбеймін», – дейді саясаткер.
Украина Бас прокуратурасы Садықовқа жасалған шабуылға байланысты сотқа дейінгі тергеуді бастады. Айдос Садықов Украинада ресми түрде саяси босқын мәртебесін алған. Қазақстан билігі оны 2023 жылдың қазанынан бастап «әлеуметтік, ұлттық және діни алауыздықты қоздырды» деген айыппен іздеуге жариялаған болатын.
Депутат Бапидің уәжі қандай?
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи де бұл іске Қазақстан билігінің белсенді түрде араласуы қажет деп есептейді.
«Садықов қандай көзқарасты ұстанса да, ең бастысы ол Қазақстан азаматы. Шетелде журналистке қарулы шабуыл жасалуы халықаралық резонанс тудырған оқиға. Мемлекетіміз өзінің бұл іске қатысы жоқ екенін дәлелдеп, Украинаға ресми сұрау жіберуі қажет. Егер үнсіздік танытса, түрлі күдік пен қауесет өршиді», – деді Бапи.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та аталған оқиғаға қатысты ресми ұстанымын білдірді.
«Елімізде заң үстемдігін қамтамасыз ету – басты міндетіміз. Қоғамда туындаған барлық мәселелер тек құқықтық тұрғыдан шешілуі тиіс. Киевте Айдос Садықовқа жасалған қылмысқа да осындай ұстаныммен қарау қажет. Мен дипломатиялық арналар мен құқық қорғау органдары арқылы Украинаға ресми сұратулар жіберу туралы нақты тапсырма бердім. Қажет болса, Қазақстанның ресми органдары тергеу жұмыстарына белсенді түрде қатысуға дайын», – деді Мемлекет басшысы.

