Еліміздің Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Мәскеуде ресейлік әріптесі Сергей Лавровпен кездесіп, екі ел арасындағы байланыстың өзекті мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Ertenmedia.
Министрлер келіссөзі президент Тоқаевтың 12 қарашаға жоспарланған Ресей сапары қарсаңында өтті. Ермек Көшербаев екі ел басшысы арасындағы сенімді әрі тұрақты диалог Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасының қозғаушы күші екенін атап өтті.
Өз кезегінде Сергей Лавров Қазақстан мен Ресей президенттері арасындағы «ерекше байланысты» жоғары бағалап, мұндай қарым-қатынас стратегиялық серіктестік пен көршіліктің дамуына тың серпін беретінін айтты.
Келіссөз барысында Ресей Қазақстанның негізгі сауда серіктесі ретінде тағы да расталды.
«2024 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты сауда айналымы 28 миллиард доллардан асты. Бұл көрсеткішті 30 миллиард долларға жеткізу міндеті тұр», – деді Көшербаев.
Сондай-ақ ол Ресейдің Қазақстан экономикасына 4 миллиард доллар көлемінде инвестиция салып, елдегі ең ірі инвесторға айналғанын айтты.
Кездесуде «Бәйтерек» ғарыштық жобасы да талқыланды. Лавровтың сөзінше, жоба қазір соңғы сатыда тұр, ол Қазақстанның ұлттық ғарыш бағдарламасының іргетасын қалауы тиіс.
Сонымен қатар екі ел атом электр станциясының құрылысы бойынша техникалық, қаржылық және құқықтық параметрлерді талқылауды жалғастыруда.
Министрлер екі ел арасындағы өңіраралық және шекаралық әріптестікті нығайтуға келісті. Атап айтқанда, көлік-логистика, энергетика, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында жаңа бірлескен жобалар қолға алынбақ.
Көшербаев гуманитарлық саладағы әріптестіктің де маңызына тоқталды. Оның айтуынша, биыл Қазақстан мен Ресей Жеңістің 80 жылдығын, шекара туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл және Байқоңырдың құрылғанына 70 жыл толуын атап өтеді.
Лавров та мәдени шаралар, оның ішінде екі елде де мәдениет күндерін өткізу, Астана мен Омбыда университет филиалдарын ашу және «Мәңгілік достық аллеясын» құру секілді бастамалар халықтар арасын жақындастыратын маңызды қадам екенін жеткізді.
Бұдан бөлек, министрлер ТМД, ЕАЭО және ҰҚШҰ аясындағы ынтымақтастықты күшейтіп, өзара сенімді нығайтуға уағдаласты.
Айта кетейік, бұған дейін Душанбедегі ТМД саммитінде Владимир Путин мен Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты жобаларды талқылаған болатын. Сол кезде Ресей президенті Қазақстанмен қарым-қатынасқа ерекше мән беретінін мәлімдеген еді.