Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атом электр станциясын салу мәселесіне қатысты референдум биыл күзде өтетінін айтты деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мемлекет басшысы атом электр станциясының тағдырын халық шешетінін атап өтті.
«Өздеріңізге белгілі, экономиканы ілгерілету үшін сенімді әрі тұрақты энергия көзі қажет. Осы мақсатта атом электр станциясын салу мүмкіндігін қарастыру туралы Үкіметке нақты тапсырма бердім.
Қазір қоғамда бұл мәселе жан-жақты талқылануда. Пікірлер де сан алуан. Осы талқылауға БАҚ та белсенді араласқаны жөн.
Қазақстанның атом энергетикасын дамытуға әлеуеті жеткілікті. Бірақ нақты шешімді халықтың өзі қабылдайды. Сол үшін биыл күзде референдум өтеді. Үкімет референдумның нақты күнін бекітеді», – деді Президент.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы былтырғы 1 қыркүйектегі жолдауында атом электр станциясын салу бойынша референдум өткізуді тапсырған болатын.
Осыдан кейін Орталық сайлау комиссиясы референдумды 2023 жылы өткізуге техникалық тұрғыда дайын екенін мәлімдеген еді.
Ал былтыр 5 қазанда Энергетика министрлігі атом электр станциясын салу бойынша ресейлік «Росатом» және басқа да үш компаниямен маңызды келіссөздер жүргізіліп жатқанын хабарлаған.
Бұған дейін Ertenmedia-мен пікірлескен депутат Бақтықожа Ізмұхамбетов «Қазақстанға АЭС не үшін керек» сауалға жауап қатқан еді.

