Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанда алғашқы атом электр станциясы қашан салынатыны жөнінде пікір білдірді, – деп хабарлайды ErtenMedia.
Министрлік өткізген брифинг барысында Сәтқалиев бұл жобаның болжамды мерзіміне тоқталды, яғни 2-3 жыл.
«Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, жобалау кезеңі үш жылға дейін жалғасады. Осы мерзімнен кейін құрылыс жұмыстары басталғанда, «бетон» кезеңіне өтеміз. Жалпы құрылысқа екі жыл ішінде кірісеміз деп жоспарлап отырмыз. Дегенмен негізгі нысанның құрылысы техникалық-экономикалық негіздеме толық аяқталып, жобалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік органдардан барлық қажет рұқсат алынған соң ғана жүзеге асады», – деп түсіндірді министр.
Айта кетейік, жуырда Қазақстанда АЭС құрылысының орны ресми түрде бекітілді. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
«Атом электр станциясы» ядролық қондырғысының құрылысы туралы» қаулы 2024 жылғы 30 желтоқсанда қабылданды.