Ақтаудағы әскери гарнизонда өткен «Әскер аналар көзімен» акциясы әскер мен қоғам арасындағы сенімнің қалай қалыптасатынын нақты көрсетті. Осы кездесуге «Батыс» өңірлік қолбасшылығының басшысы, генерал-майор Бауыржан Артықов арнайы қатысып әскердегі тәрбие, тәртіп, психологиялық қолдау және ата-анамен кері байланыс туралы кеңінен әңгімеледі. Ақтаудағы Ertenmedia.kz сайтының тілшісі Астандан аналармен кездесуге ат терлетіп келген вице-адмирал сұхбаттасып, жұрттың көкейінде біраз сауалға жауап алды.
– Бауыржан Шубайұлы, Ақтауда өткен «Әскер аналар көзімен» акциясына өзіңізде қатыстыңыз. Әдетте көпшілік үшін казарма мен оқу корпусы жабық аумақ болып келгені жасырын емес. Бұл жолы аналарға асханадан бастап жатын орынға дейін түгел көрсетіңіздер. Осы форматтағы кездесулерді алдағы уақытта жүйелі өтіп тұра ма? Жалпы, бұл бастаманың мақсаты әскердің беделін көтеру ме, әлде аналардың уайымын басу ма?
– Бұл шара арқылы ел ішінде әскерге деген сенім қалыптастырғымыз келеді. Біз үшін сарбаздың жауынгерлік дайындығы қандай маңызды болса, оның артындағы ананың алаңсыз күн кешуі де маңызды.
Ақтауда өткен кездесуде аналар казармаға кіріп, жатын орнын көрді, асханадан дәм татты, командирлермен емін-еркін сөйлесті. Мұндай акцияларды біздер ұдайы өткізіп тұрамыз. Бірақ оның бәрі көпшілікке жете бермейді.
Кездесуде аналар сұрақ қойып, тәртіп, сарбаздардың тұрмысын, дәрігер мен психолг мамандардың бар-жоғын білуге тырысты. Біздің офицерлер аналардың барлық сұрақтарына жауап берді. Бірде бір сұрақ жауапсыз қалған жоқ.
– Қоғамда әскер туралы әңгіме шықса, кейде «қатал тәртіп», «қысым» деген сөздер қатар айтылады. Соңғы жылдары бірқатар резонансты оқиғалар болды, ата-аналардың алаңдауы да содан күшейгенін сезіп отырмыз. Бүгінгі таңда әскери бөлімдерде қарым-қатынас мәдениетін, Әскери жарғыға сай тәртіпті қалай күшейтіп жатырсыздар?
– Әскерде тәртіп жай ғана талап емес, ол қауіпсіздіктің негізі. Біз мұны күнделікті өмірде көріп жүрміз. Соңғы жылдары әскери тәрбие жүйесі тек «үгітпен» шектелмей, нақты бақылау мен кері байланысқа сүйенетін модельге айналды.
Барлық гарнизонда командирлермен жеке әңгіме, бөлімше деңгейінде түсіндіру жұмыстары, сержанттар корпусының жауапкершілігін күшейту, жас сарбаздарға тәлімгер бекіту сияқты тетіктер қолданып жатқан жайымыз бар.
Қандай да бір шеттен шыққан жағдай жасырылмайды, прокуратура, әскери полиция, қоғам өкілдерімен бірлескен комиссия қарайды. Біздің басты ұстаным Әскери жарғыдан тыс қарым-қатынасқа төзімсіздікпен қараймыз. Тәртіпті ұстай алмаған командирге лауазым да, сылтау да қорған бола алмайды.

– Соңғы кезде әскердегі психологиялық қолдау тақырыбы да жиі айтылып жүр. Кейбір жиындарда сіз цифрлық шешімдер, соның ішінде бот-психолог, онлайн кеңес беру секілді жобалардың маңызын атап өткен едіңіз. Сарбаздың тек физикалық дайындығы емес, психологиялық тұрақтылығы да маңызды екені түсінікті. Сіздерде бұл бағыттағы жұмыстар қалай дамып жатыр?
– Қазіргі сарбаздар смартфонмен өскен ұрпақ қой. Сондықтан біз оған түсінікті тілде сөйлесуіміз керек. Психологиялық қызмет бұрын да болды, бірақ жас буынға оны жақындату үшін цифрлық форматқа шықтық.
Қазір гарнизондарда әскери психологтар, сенім телефондары, жабық түрде жүгінуге болатын чат-арналар бар.
Әрине, бот маманды толық алмастырмайды, бірақ «алғашқы қадамды» жеңілдетеді, сарбазға «сені тыңдауға дайынбыз» деген белгі беріп, көңіл аударуда маңызды құрал деп санаймын.
Осы ретте әскердегі психологтарымыз тек жеке әңгімемен шектелмей, бөлімшелерге барып, сабақ, тренинг, топтық жұмыс өткізеді. Ата-ана үшін ең маңыздысы баласының мәселесі еленбей қалмайтынын білу, дәл осы жүйені күн сайын күшейтіп отырмыз.
– Әскерде жастардың патриоттығын арттыру, қоғаммен, ата-аналар ұйымдарымен, «Аналар жүрегі» сияқты бірлестіктермен ықпалдасу қаншалықты жүйелі жүріп тұарды? Сіздердің бұл бағытта ұзақмерзімді бағдарламаларыңыз бар ма?
– Қарулы Күштер бүгінгі күні тек әскери дайындықпен шектелетін құрылым емес. Біз жастарды мемлекетке, отбасыға, бір-біріне жауапты болуға үйретеміз. Сол үшін азаматтық қоғаммен бірге жұмыс істемей, алға жылжу мүмкін емес.
«Аналар жүрегі» деп аталатын ата-аналар одағы, қоғамдық кеңестер, жергілікті белсенділер бәрі біздің басты серіктесіміз. Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеуге, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға арналған бағдарламаларымыз бірнеше жылға есептелген, оның ішінде мектеппен, колледжбен, ЖОО-мен, ЖОО-дан кейінгі деңгеймен жұмыс бөлек жоспарланған.
Әскерге шақыру науқаны кезінде қоғам өкілдерін әскери бөлімдерге шақырып, нақты сұрақтарына ашық жауап береміз, ұсыныстарын есепке аламыз. Сіздің ойыңызға толық қосыламын, патриотизм плакатпен келмейді, ашық диалог пен шынайы тәжірибеден туындайды.
– Ақтаудағы кездесуге жүзден астам сарбаздың ата-анасы келді, олардың кейбірі алғаш рет казарма табалдырығын аттағанын байқадық. Осындай форматты болашақта кеңейтуді жоспарлап отырсыздар ма?
– Ақтауда басталған тәжірибені тек бір гарнизонның шаруасы ретінде қарастырмаймыз. «Әскер аналар көзімен» форматын басқа өңірлерде де жалғастырамыз, оны әкелердің, ұстаздардың, ардагерлердің қатысуымен кеңейту жоспарда бар.
Қажет болса, онлайн қосылу тәртібімен алыс өңірдегі ата-аналарға да әскери бөлімді таныстыруға болады. Бүгінде Қарулы Күштер жабық құрылым болмайды, біз халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін боламыз. Әрбір шағым, әрбір ұсыныс қаралады, жауапсыз қалмайды.
Ата-ана перзентін әскерге аттандырғанда «оның қауіпсіздігі мен құқығы қорғалады, ол тәртіп пен мамандық үйренеді» деп сенімді болуы тиіс. Біз осы сенімді ақтау үшін тәрбие, идеология, психология, қауіпсіздік бағытында күн сайын жетілдіруге күш салып келеміз. Ананың алаңсыз ұйқысы біздің жұмыстағы басты көрсеткіштердің бірі десем артық айтқандық болмас еді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбатасқан Қобылан ҚОРҒАСБЕК
Ақтау қаласы

